Лондон Олимпиадасының жүлдегеріне билік өкілдеріне күш қолданды деген айып тағылды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Оған билік өкілдеріне күш қолданды деген айып тағылып отыр. Кінәсі дәлелденсе, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қолданылуы мүмкін.
Павлодар облысында еркін күрестен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Дәулет Шабанбайға қатысты қылмыстық іс сотта қаралады. Танымал спортшыға билік өкілдеріне күш қолданды деген айып тағылып отыр.
«Сот кабинеті» жариялаған материалдарға сүйенсек, Дәулет Шабанбайға ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабы 4-бөлігі 1-тармағы бойынша айып тағылған. Бұл бап – екі немесе одан да көп билік өкіліне күш қолдану дерегіне қатысты.
Қазір ол облыс орталығындағы тергеу изоляторында отыр. Сот спортшының ісін Павлодар қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотқа беріп, басты тыңдауға қатыстыру туралы шешім шығарды. Аталған бап бойынша 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған.
42 жастағы Дәулет Шабанбай — 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері (медальді 2022 жылы екі қарсыласы допингпен ұсталғаннан кейін алған), Азия чемпионаттарының төрт дүркін қола және күміс жүлдегері, 2014 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері.
Өңірлік дене шынықтыру және спорт басқармасының дерегінше, Дәулет Шабанбай спорттық мансабын 2019 жылы аяқтаған.
Еске сала кетейік, Алматыда сот Қожамжаровтар отбасының мүлкін бұғаттады.