Лондон Олимпиадасының әнұранын британдық Muse тобы жазып жатыр

Survival композициясын 2012 жылғы ойындардың басты музыкалық тақырыбы ретінде Олимпиадалық комитет таңдап алды.
Survival әні жарысқа қатысушылар спорттық алаңға шыққанда және медальдар табысталған кезде ойнатылатын болады. Бұдан бөлек, Muse тобының жаңа әуені эфирдегі олимпиадалық оқиғалар көрсетілетін бағдарламалар барысында да беріліп отырады. Бұл туралы Lenta.ru хабарлады.
Топ Survival әні алдағы Олимпиадаға арнап жазылғанын және Ойындар кезінде жеңіске жетуге деген ынтаны насихаттайтынын айтты. Muse мүшелері атап көрсеткендей, олар олимпиадалық шаралар кезіндегі музыкалық сүйемелдеуші әуеннің авторы атану мүмкіндігіне ие болғандарын мақтан тұтады.
Еске сала кетейік, Лондондағы Олимпиадалық ойындар 27 шілдеде басталады. Ашылу салтанатында басқа да әншілермен қатар сэр Пол Маккартни де өнер көрсетеді, деп жазады Еуразия бірінші арнасы.