Лондон турнирінде Рыбакина мен Путинцева өзара кездесуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — 9-16 маусым аралығында көгалдағы төсеніште өтетін Лондон (Ұлыбритания) WTA 500 турнирінің жеребесі тартылды.

теннис
Фото: Kazinform

Жүлде қоры 1 млн 415 мың еуроға бағаланған жарыста барлығы 32 теннисші бақ сынайды.

Дүниежүзілік рейтингіде 11-орында тұрған Елена Рыбакина корольдік жарыстың 4-ракеткасы болып тіркелген. Рейтингісі жоғары болғандықтан, ол доданы екінші айналымнан бастап, онда әлемнің 31-ракеткасы, отандасы Юлия Путинцева немесе іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірімен кездеседі.

Сонымен қатар Е.Рыбакина мен Ю.Путинцева жұптық сында кортқа шығып көрмек. Олардың алғашқы қарсыластары – испаниялық Кристина Буча – бразилиялық Беатрис Хаддад Майя.

Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Анна Данилина Лондон кортында ресейлік Диана Шнайдермен бірге бастапқы айналымда ресейлік Александра Панова – мексикалық Джулиана Олмоспен шеберлік байқасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Ролан Гаррос турнирінің финалында есе жібергенін жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар