Лондонда инвесторлар тәжірибе бөлісті
ЛОНДОН. KAZINFORM — Қазақстан экономикасына қаржы құйып жатқан 100-ге жуық инвестор Лондонда бас қосты. Олар жергілікті ірі бизнес өкілдеріне еліміздің инвестициялық ахуалы туралы егжей-тегжейлі баяндап беріп, тәжірибе бөлісті, деп хабарлайды Kazinform-ның осы елдегі меншікті тілшісі Ғалымжан Қараманұлы.

Елімізде шетелдік инвесторларға қолайлы жағдайлардың неше түрі жасалған. Мәселен, олар ағылшын құқығы негізінде дауларды шешетін «Астана» халықаралық қаржы орталығына сенім арта алады. 82 елдің бизнес өкіліне шекарадан өту үшін визаның қажеті жоқ.
Панельдік сессия кезінде тәжірибелі инвесторлар көрген-білгендерімен бөлісіп, ойларын ортаға салды.

«Қазақстанға келіңіздер деп үгіттеп жатырмыз. Біз тау-кен саласында 8 жылдай жұмыс істеп, үкіметтің жасаған қамқорлығына риза болдық. Британиялық компаниялардың қатарымызға қосылғанын қалаймыз», — дейді Knight Piésold UK компаниясының директоры Ричард Элмер.
Геосаяси жағдай алай-дүлей болып тұрған заманда алпауыт елдердің өздері қиын кезеңдерді бастан кешуде. Дейтұрғанымен Қазақстан президенті 2029 жылға дейін экономикамызды екі есеге көтеру міндетін қойып отыр. Бүгінгі жиын кезінде кедендік баждардан босату, түрлі салықтық жеңілдіктер және заттай гранттар туралы естіген әлеуетті бизнесмендер елге келеміз деп ниет білдірді.

«Біз білім саласында жұмыс істейміз. Тренингтер өткізіп, оқу жоспарларын құруға көмектесеміз. Британиялық оқу орындарымен және қаржы институттарымен тығыз байланыстамыз. Бізге Қазақстан нарығы өте қызықты болып тұр», — дейді TVET UK компаниясының атқарушы директоры Мэттью Андерсон.
Шараны Қазақ-Британ қауымдастығы Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінің қолдауымен ұйымдастырды. 20 жылдан астам тарихы бар қауымдастық екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, сондай-ақ білім және мәдени байланыстарды нығайтып келеді.

«Бүгінгі тақырыбымыздың ауқымы кең болды. Мұнай-газ, тау-кен, ауылшаруашылығы, заң қызметі және басқа да сала өкілдерінің басын біріктіріп, ынтамақтастықтың өзекті мәселелерін талқыладық», — дейді Қазақ-Британ қауымдастығының директоры Джон Морроу.
Ұлыбритания — еліміздің Еуропа континентіндегі белсенді сауда-экономикалық серіктестерінің бірі. Ең ірі 6 инвестордың қатарына кіреді.

Өткен жылдың 3-ші тоқсанының қорытындысы бойынша, мемлекетімізге 564 млн АҚШ доллары көлемінде қаражат әкелген. Бұл алдыңғы жылдың дәл сол кезеңімен салыстырғанда шамамен 7 пайызға артық.