Халықаралық даулар апталығына «Астана» ХҚО соты мен Халықаралық төрелік орталығы қатысты

Лондон
Фото: Ғалымжан Қараманұлы/Kazinform

ЛОНДОН. KAZINFORM – Халықаралық даулар апталығы дүниежүзі бойынша мықты заңгерлер мен компания өкілдерінің басын қосты. «Астана» халықаралық қаржы орталығының соты мен Халықаралық төрелік орталығы да сала үздігі ретінде апталыққа қатысты, деп хабарлайды Kazinform-ның осы елдегі тілшісі.

Халықаралық даулар апталығы биыл 100-ден астам юрисдикцияның басын біріктірді. Маңызды іс-шараға қатысу үшін Лондонға әлемнің түкпір-түкпірінен 7000-нан астам заң сарапшысы келді. Сала мамандары 150-дей шараға қатысып, күрмеулі мәселелер бойынша пікір таластырды, әріптестік орнатып, тәжірибе алмасты. 

Лондон
Фото: Ғалымжан Қараманұлы/Kazinform

«Бүгінгі өте маңызды іс-шараға Латын Америкасы, Азия, Африка және әлбетте Қазақстаннан келген заңгерлер қатысып жатыр. Илегеніміз бір терінің пұшпағы – біз халықаралық дауларды шешеміз, cот төрелігіне қол жеткізуді қамтамасыз етеміз. Бүгінгі платформа пікір алмасып, ой бөлісуге арналып отыр», - дейді Лондондағы Халықаралық даулар апталығының ұйымдастырушысы Артем Дудко.

«Қазақстан билігі «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамытуда зор жетістіктерге жетті. Біз орталық сотының басшысы Лорд Мэлдон Бернеттпен пікір алмасқанымызға қуаныштымыз. Өйткені ол кісіден үйренеріміз көп. Орталықтың ТМД мемлекеттеріне ғана емес халықаралық деңгейдегі бизнес қауымдастыққа да біраз көмегі тиіп жатыр», - дейді McNair International заң компаниясының өкілі Хавар Куреши. 

Лондон
Фото: Ғалымжан Қараманұлы/Kazinform

«Астана» халықаралық қаржы орталығының соты мен Халықаралық төрелік орталығы 6 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Олар осы аралықта 2 600-ден астам даулы іс қарап, 28 елдің инвесторының сұранысын 100 пайыз қанағаттандырды. Компаниялардың басым көпшілігі Еуразия мемлекеттерінен. Араларында Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Үндістан сияқты еліміздің басты сауда серіктестері де бар. 

Лондон
Фото: Ғалымжан Қараманұлы/Kazinform

«Қазақстан мен Еуразия елдерінің игілігі үшін жасап жатқан жұмысымыз туралы айтып бердік. Халықаралық деңгейде жоғары стандарттарға жауап беретін ұйымға айналып жатқанымызды қуана хабарладық. Осыны түсінген инвесторлар Қазақстанмен жұмыс істеуге құлшыныс танытып жатыр. Олар тәуелсіз сот төрелігіне сенім артады», - дейді АХҚО сотының тіркеушісі және аппарат басшысы Кристофер Кэмпбелл-Холт.

Лондон
Фото: Ғалымжан Қараманұлы/Kazinform

«Қаржы орталығының сотында 3 іс бойынша тыңдалымға қатыстым. Оның ішінде Қазақстандағы министрліктерге де қарсы істер болды. Шетелдік инвесторлардың мүдделерін сәтті қорғап шықтық. Егер бұрын компаниялар Лондон, Париж, Сингапурдағы арбитраждарда әділдік іздесе, қазір Астанадағы қаржы орталығының сотында отырып-ақ мүдделерін қорғай алады», - дейді Халықаралық «Грата» заң фирмасының басқарушы серіктесі Гүлнұр Нұркеева.

Дауларды шешу апталығының биылғы тақырыбы: «Жаһандық сын-қатерлер мен мүмкіндіктер үшін бірігу». Бұл былтырғы «Өзгермелі әлемге бейімделу» тақырыбының жалғасы іспеттес. Қатысушылар өткен жылы дауларды шешу әлемінде қандай жетістіктерге қол жеткізгенін, сондай-ақ келесі жылдан не күтетінін ортаға салды.

Соңғы жаңалықтар