Лондонда Трамптың сапарына қарсы жаппай наразылық шарасы өтеді

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлыбритания астанасында мыңдаған адам АҚШ президентінің мемлекеттік сапарына наразылық білдіру үшін көшеге шығуға дайындалып жатыр, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Лондонда Трамптың сапарына қарсы жаппай наразылық шарасы өтеді
Фото: x.com/TerrorismPolice

Дональд Трамп Ұлыбританияға сейсенбі күні кешке әйелі Меланиямен бірге келді. Сапардың үш күндік бағдарламасына король III Чарльзбен және премьер-министр Кир Стармермен кездесулер кіреді.

Сәрсенбіде монарх америкалық саясаткерді Виндзор сарайында қабылдайды, ал келесі күні келіссөз премьер-министрдің Чекерс резиденциясында жалғасады. Күн тәртібінде сауда мәселелері, ХХІ ғасырдағы озық технологиялар, атом энергетикасын дамыту, Украина мен Газа секторындағы жағдай мәселелері бар.

Трамп Лондонның орталығындағы Даунинг-стриттегі премьер-министрдің резиденциясына бармаса да, бірқатар кәсіподақтар, қайырымдылық ұйымдар және қоғамдық бірлестіктерді біріктіретін «Трампты тоқтатыңыз» (Stop Trump) коалициясы Ұлыбритания астанасының орталық көшелерінде шеру өткізуді жоспарлап отыр.

Ұйымдастырушылар үкіметтің адам құқығын бұзды және әсіре оңшыл идеяларды қолдады деп айыпталып отырған адамға құрмет көрсету шешіміне наразылық білдірмек. Саясаткерлер, соның ішінде бұрынғы лейбористтік көшбасшы Джереми Корбин мен Жасылдар партиясының жетекшісі Зак Полански қатысады деп жоспарланып отыр.

Лондон полициясы ауқымды операция дайындап жатыр. Қала орталығына 1600-ден астам қызметкер жіберіледі, оның 500-і басқа өңірлерден келеді. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, сәрсенбідегі наразылық шарасына 50-ге жуық түрлі қозғалыс қатысуы мүмкін.

The Guardian хабарлауынша, наразылық білдірушілер Виндзор сарайының маңында Дональд Трамп пен сотталған сексуалдық қылмыскер Джеффри Эпштейннің суреті бар үлкен баннер іліп, кейінірек олардың бірнеше суретін қамал мұнараларының біріне проекциялаған. Полиция төрт адамды қамауға алды. 

Айта кетейік, 2018 жылы Дональд Трамптың сапарына қарсы наразылық акциясына ұйымдастырушылардың мәліметінше, Ұлыбритания астанасында 250 мыңға жуық адам жиналған.

Соңғы жаңалықтар