Лондонда Ұлыбританияның әскерилендіру саясатына қарсы шеру өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Лондонның орталығында Ұлыбритания үкіметінің әскери шығындарды арттыру жоспарына қарсы шеру өтті, деп хабарлайды ТАСС агенттігі.
Шеру Виктория жағалауынан басталып, Ұлыбритания премьер-министрінің Даунинг-стрит, 10 мекенжайындағы резиденциясының алдында аяқталды. Қатысушылар елдің әскери әлеуетін жедел арттыру үшін әлеуметтік бағдарламаларға бөлінетін қаржыны қысқартуға қарсы шықты.
Шеруге қатысушылар «Әскери шығындарды қысқартыңдар, әлеуметтік қамсыздандыруды емес» және «Ядролық оқтұмсықтардан гөрі медбикелер қажет» деген жазуы бар плакаттар ұстады. Сонымен қатар олар қолжетімді тұрғын үй мен жаңа мектептер салуды қоса алғанда, әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыру үшін ауқатты азаматтарға салынатын салықты көбейтуді талап етті.
Шеруді Unison кәсіподағы соғысқа қарсы Stop the War ұйымының, Ұлыбританияның Социалистік жұмысшы партиясының және Ядролық қарусыздану науқаны ұйымының қолдауымен ұйымдастырды. Акцияға шамамен 2 мың адам қатысты.
Кәсіподақтар мен соғысқа қарсы қозғалыстардың белсенділерінен бөлек, Лондон империялық колледжі мен Лондон университеттік колледжін қоса алғанда, жетекші жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушылары да өз ұйымдарының рәміздерімен шеруге шықты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, оларды Франциядағы наразылық акциялары шабыттандырған. Осылайша, Лондон милитаризацияны күшейту үшін әлеуметтік шығындарды қысқартуға қарсы акциялар өткен Еуропаның тағы бір қаласына айналды.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлыбритания 20 жылдан кейін ірі калибрлі қару-жарақ өндірісін қайта бастағаны хабарғанды.