Лондондағы орта мектепте қазақ мәдениеті таныстырылды
ЛОНДОН. KAZINFORM — Ұлыбритания мектептерінде Ұлттар күні тойланып жатыр. Оқушылар сыныптастарына өз мемлекеттері туралы ақпарат беріп, салт-дәстүрлерімен таныстыруда. Ата-анасымен Лондонда уақытша тұрып жатқан қазақ балалары да шараға қатысып, ұлттық құндылықтарымызды насихаттады, деп хабарлайды Kazinform-ның Тұманды Альбиондағы тілшісі.

Сара-Джейн Кеннеди ағылшын тілінің мұғалімі. Бүгін ол өзі білім беретін қазақ оқушыларының мәдениетімен етене танысты. Ұлттық тағамдардан ауыз тиіп, тіпті қамзол мен сәукеле киді.

«Әдетте мектеп формасын киіп келген оқушыларымыздың қай елдің өкілі екенін кейде аңғара бермейміз. Бүгінгі шараның арқасында Қазақстанның салт-дәстүрлері туралы біліп жатырмын», — дейді бастауыш сынып мұғалімі Сара-Джейн Кеннеди.
Ұлыбритания мектептерінде оқу жылы шілденің соңында аяқталады. Жазғы каникул алдындағы айтулы шаралардың бірі осы Ұлттар күні.

«Бауырсақ өте дәмді екен. Бізде де осыған ұқсас тағам түрі бар. Қазақстан туралы көп біле бермеймін. Сіздердің арқаларыңызда ақпарат алып жатырмын», — дейді ямайкалық ата-ана Аманда Райт.
Кәусар және Алмасбек Қараман халықаралық журналистердің балалары. Лондонда уақытша тұрып жатыр. Мектебіндегі жалғыз қазақ ұлтының өкілдері. Лондондағы шетелдіктерге туған жерін насихаттап жүр. Хью Миддлтон атындағы мектепте олардан бөлек ондаған ұлт өкілі оқиды. Барлығы таңертеңнен ұлттық киімдерін киіп келіп, сыныптастарына тарихи отаны туралы ақпарат берді.

«Біз Палестинаның өкілдеріміз. Еліміздің мәдени мұраларын көрсеткіміз келді. Мынау Таяу Шығыстан әкелінген құрма жемісі. Ұлттық сусынымыз қара шәймен ішсін деп алып келдік", — дейді палестиналық ата-ана Фади Альраис.
Италиялық ата-ана Марио Петруни бүгін балаларға Италияның ұлттық тағамы пицца пісіріп үйреткенін айтты. Оның айтуынша, қазақтар сияқты олар да ұннан жасалатын тағам түрлері көп.

Ұлыбритания — көп ұлтты мемлекет. Ағылшын, шотланд, ирланд және уэльс халқынан бөлек бұрынғы отар мемлекеттерінен қоныс аударған ұлттардың ұрпақтары да тұрады. Жергілікті үкімет олардың тілі, діні және дәстүрлерінің сақталуына ерекше мән береді.