Лондондағы референдум әлі жалғасып жатыр

ЛОНДОН. KAZINFORM - Тұманды Альбиондағы №376 дауыс беру учаскесінде өтіп жатқан саяси науқан уақыт ерекшелігіне байланысты бірер сағаттан кейін аяқталмақ, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Лондондағы референдум
Фото: Ғалымжан Қараманұлы

Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінде орналасқан №376 дауыс беру учаскесіне келушілердің қарасы сиреді. Лондон уақыты бойынша сағат 8-де ғимарат есігі жабылып, бюлеттеньдерді санау басталады. Елшілік қызметкерлері дауыс беру процесінің ашықтығы мен әділдігін, учаскенің үздіксіз жұмысын, сондай-ақ отандастарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бар күшін салды. Бүгін, әсіресе, «Болашақ» стипендиясының «500 ғалым» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өтіп жатқан студенттер белсенділік танытты.

«Шетелге келген кезде референдум өтетіні туралы ойлаған жоқ едік. Хабар естісімен бей-жай қарап отыра алмадық. Дауыс бергенімізге өте толқып тұрдық. Бір жағынан қуанып тұрмыз»,- дейді ғылыми тағылымдамадан өтіп жатқан студент Сәнтай Тілеубаева.

«Референдумға белсенді қатысып отырғандағы мақсатымыз Қазақстан республикасының азаматы ретінде өзіміздің көзқарасымызды білдіру»,-деді тағы бір ғалым Ақмарал Қожабекова.

Айта кету керек түске таман дауыс берушілердің саны таңертеңгі уақытқа қарағанда артты. Араларында Рединг, Манчестер, Абердин, Глазго қалаларында уақытша немесе тұрақты тұрып жатқан отандастарымыз, осында саяхаттап жүрген туристер көп. Комиссия мүшелерінің айтуынша, учаске жабылғаннан кейін Лондондағы референдум нәтижелері белгілі болады. Саяси маңызы бар науқанның алдын ала қорытындысы ертең халыққа жария етіледі.

Соңғы жаңалықтар