Лос-Анджелес Олимпиадасына дайындықты қазірден бастау керек – Құдырет Шәмиев

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан WT таеквондо федерациясының президенті Құдырет Шәмиев Кazinform тілшісіне арнайы сұхбат беріп, жаңадан жасақталған отандық федерацияның аз ғана мерзімде істеген жұмыстарына баға берді. 

Лос-Анджелес Олимпиадасына дайындықты қазірден бастау керек - Таеквондо федерациясының президенті
Фото: ҰОК

Сондай-ақ, ұйым басшысы отандық таеквондоның көкжиегін кеңейтіп, қазақ спортшыларын әлемдік деңгейде таныту үшін қандай жұмыстар істеліп жатқанын айтты. Бұл туралы ол Қазақстан ұлттық құрамасының бірлескен жаттығу жиынына келгенде мәлімдеді.

- Құдырет мырза, федерация жаңадан құрылғалы қандай өзгерістер болып жатыр? Атлеттердің аяқ алысын қалай бақылап отырсыз?

- Федерацияның қайта жасақталғанына 5-6 айдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында біз ұйымға толықтай реформа жасап, команданы қайта жасақтап, ұлттық құрамаға бас бапкер тағайындадық. Одан бөлек, отандық таеквондоның атасы Мұстафа Өзтүрік атындағы турнирді ойдағыдай өткіздік.
Қазір федерация, бапкерелер құрамы мен төрешілер алқасының құрамы толықтай өзгерді. Бұл біздің жұмыстың бастамасы ғана.

Лос-Анджелес Олимпиадасына дайындықты қазірден бастау керек - Таеквондо федерациясының президенті
Фото: Таеквондо федерациясының баспасөз қызметі

Негізгі стратегиямызды құрған кезде, алдағы жиырма жылды қамтыдық. Әрине, бұл қызметті қанша уақыт атқаратынымыз белгісіз. Десе де, біз нақты жоспар құрып, өзімізден кейін келетін командаға дайын жобаны тапсырғымыз келеді. Бүгінде Лос-Анджелес Олимпиадасына дайындық циклі басталып кетті. Жаңадан тағайындалған бас бапкер Есбол Сұлтановтан нәтижелі жұмыс күтеміз. Ал федерация басшысы ретінде, мен спортшыларды толық қолдауға дайынмын. Әйелдер командасында тәжірибелі бапкер Сәуле Сардарова, Ираннан келген өте білікті маман Фатима Сафарпур жұмыс істеп жатыр.

Шетелден бапкер алдыратын кезде де біз жақсы зерттеу жасадық. Фатима ханым ұзақ жыл бойы Иранның жастар құрамасын жаттықтырып, әлемдік жарыстарда үздік нәтиже көрсеткен. Федерация ретінде спортшыларға жағдай жасау – бізге міндет. Массаж жасайтын маман, дәрігер, психолог болсын, бәрімен жұмыс істеліп жатыр. Қажетті нәрсенің барлығын қамтып, бұдан да үлкен дәрежеге көтеруге тырысамыз. Шетелдік мамандарды шақыруға, олармен кеңес құруға, тәжірибе алмасуға ниеттіміз. Әзірге олармен келісім жүргізіліп жатыр.

Лос-Анджелес Олимпиадасына дайындықты қазірден бастау керек - Таеквондо федерациясының президенті
Фото: Таеквондо федерациясының баспасөз қызметі

- Шетелдік мамандар туралы айтқанда, бізде орынды сұрақ туындайды. Бұған дейін таеквондодан Қазақстан құрамасын кореялық бапкер жаттықтырды. Екі олимпиадалық цикл бойы тізгінді ешкімге бермеген, десе де, айтарлықтай нәтиже көрсетпеген маманның қалай таңдалғаны бізге жұмбақ. Жалпы, шетелден бапкер немесе төреші шақырар кезде қандайда бір міндеттемелер қоясыздар ма?

- Әлбетте, біз кез келген азаматты шақырмас бұрын қаншалықты мықты маман екеніне, оның біліктілігіне, жетістігінің қандай дәрежеде болғанын қарауға міндеттіміз. Бұл да бір үлкен бір аманат. Негізі, ұстаздық ету оңай емес, екінің бірінің қолынан келе бермейді. Білгеніңді үйрету де оңай емес, оны жан жақты сараптап қарау керек. Мәселен, бізге келген Фатима ханым – Ирандағы үздік бапкерлердің бірі. Біз ол кісіні сол нәтижесіне қарап, шақырдық. Жол ортадан қосылған адамдарға сенім артып, спортшылардың да, бапкерлердің де уақыт алмағаны дұрыс. Бұған дейін қалай шешім қабылданғанын айта алмаймыз. Өйткені құрам толықтай жаңа. Ескі құрамнан ешкім қалмады.

- Фатима ханыммен сөйлесудің реті келді ме? Қандай қателіктермен жұмыс істеу керегін, қыздардың әлеуетін айтты ма?

- «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» демекші, олардың өз тәсілі, біздің өз тәсіліміз бар. Оның үстіне, әр тәсілдің де өз артықшылығы мен кемшілігі кездеседі. Фатима ханым біздің жақтан айтарлықтай үлкен қателіктерді көрсеткен жоқ. Ол кісінің өз жоспар-бағыты қалыптасты. Жалпы, біздің қыздар жаман емес. Оларды бағыттап, бір жолға қойып жіберсе, нәтиже көп күттірмейді деп ойлаймын.

Лос-Анджелес Олимпиадасына дайындықты қазірден бастау керек - Таеквондо федерациясының президенті
Фото: Таеквондо федерациясының баспасөз қызметі

- Шыны керек, отандық таеквондодағы кейбір кикілжіңдер ел ішіне кеңінен таралып кетті. Кей сәттерде мәселенің қатты ушыққанын да байқадық. Команданы қайта жасақтау кезінде бұл проблемалар толық шешілді ме?

– «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді. Алтау ала болса, ауыздағы кетеді» дегендей, біздегі ең үлкен мақсат – командада бірлік орнату еді. Таекондодағы қаншама таланттың бағы жанбай, байқалмай жатты. Қазір ол нәрсе жүз пайызға болмаса да, 99 пайызға тоқтады. Ешкіммен байланысы жоқ, ешкімге кесірі тимеген азаматтарды жинақтауға тырыстық. Оған қоса, спорт саласында өзіндік білімі-ілімі бар, тәжірибелі жандарды қатарға қостық. Әрине бәрін бірдей алып тастау мүмкін емес. Кейбіреуіне мүмкіндік беруіміз керек. «Сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ жоқ». Барлық адам қателеседі. Олармен сөйлесіп, өзіміздің жоспарымызбен бөлісіп, бағыт-бағдарымызды айтқан соң бапкерлер, қалалық федерациялар, ата-аналар болсын, көбінің беті бері қарады. Қазір сұрағы жауапсыз қалған адам жоқ. Федерация тыныш. Енді осы бірлік, берекені ұстап қалу – мақсат. Осылай жалғаса берсе бәрі жақсы болады деп сенемін.

Лос-Анджелес Олимпиадасына дайындықты қазірден бастау керек - Таеквондо федерациясының президенті
Фото: Таеквондо федерациясының баспасөз қызметі

– Еліміздің қай аймақтарында таеквондо кенжелеп қалды деп айта аласыз? 

– Бүгінгі статистика бойынша таеквондомен айналысатын спортшылардың саны – 24 мың. Алайда, өңірлерге барғанда сол көрсеткіштің нақты еместігіне көз жетті. Тараз, Түркістан, Шымкент, Алматы, Қызылорда секілді қалалар жақсы нәтиже беріп жатыр. Атырау облысы, Маңғыстау облысы, Павлодар облысы да жаман емес. Әйткенмен, таеквондомен айналысатындар саны онға да жетпейтін өңірлер бар. Бұл аймақтарды біз жақсы білеміз. Бірақ олар таеквондоға қатысушылар санын 250-300 деп көрсетіп қояды. Анығына келегенде ол сан он есе, жүз есе аз болып жатады. Қазіргі мақсат – сол өңірлермен қоян-қолтық жұмыс істеу. Таеквондо қазақтың менталитетіне сай келетіндіктен, одан әрі өркендетіп, өрбітуіміз керек. Министрлік өз тарапынан спортшыларға көмектесіп, жағдайын жасап, қарқынды жұмыс істеп жатыр.

Оның үстіне федерация тарапынан келісілген стратегия бар. Соның ішінде өңірдегі бапкерлермен жұмыс істеу қолға алынбақ. Мысалы, Есбол Сұлтан 3 айда бір рет өңірлердегі бапкерлерді жинап, басын қосып, кішігірім семинар өткізіп, тәжірибе алмасып, біліктілігін арттырмақ. Төрешілермен де осылай жұмыс істеу ойда бар.

Айта кетелік, таеквондодан Қазақстан ұлттық құрамасы бүгін Болгарияда өтетін халықаралық турнирге аттанады. Бұл Есбол Сұлтановтың бас бапкер ретіндегі алғашқы жарысы.

Еске салсақ Құдырет Шәмиев Қазақстан таеквондодан әлем чемпионатын өткізуге дайын деген еді

Соңғы жаңалықтар