Лос-Анджелесте 10 адамды өлтірген күдікті өзін атып тастады

Калифорнияның Монтерей-Парк қаласындағы кәсіпорындардың бірінде атыс болып, он адам қаза тапты. Бұл қылмысқа күдікті оқиға орнынан қашып, көп ұзамай өзін-өзі атып өлтірді.
Лос-Анджелес округінің шерифі Роберт Луна журналистерге жүк көлігі қоршауға алынған кезде полиция оқ атылғанын естігенін айтты. Бір жарым сағаттан кейін олар көлікке кіріп, күдіктінің денесін тапты.
Полиция өзін-өзі атып өлтірген күдіктінің 72 жастағы азиялық, жергілікті тұрғын Ху Цан Тран екенін анықтады. Лос-Анджелес Қытай Сауда палатасының басшысы Честер Чон жергілікті телеарнаның эфирінде жаппай адамдар қырылған бұл оқиғаға күдікті мен оның әйелі арасындағы жанжал түрткі болғанын айтты.
Қаза тапқан он адамнан бөлек, тағы он адам жараланған. Олардың жетеуі жексенбі күні кешке ауруханаға жатқызылды.
Осыған дейін Лос-Анджелесте қытай жаңа жылын мерекелеу кезінде атыс болғаны туралы жазған едік.
Фото: EPA