Лотос гүлін кенепке бейнелеген суретшілер туындыларын Атырау музейіне тапсырды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Лотос гүлін кенепке бейнелеген суретшілер туындыларын Атырау музейіне тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Атырауда «Су бетіндегі сұлулық» атауымен суретшілердің республикалық планэрі өтті. Оған Алматы, Қызылорда, Ақтөбе және Атыраудан 10 суретші қатысты.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Әбіл Жоламановтың айтуынша, «Су бетіндегі сұлулық» планэрі алғаш рет өткізілген.

«Бұл планэрді өткізу кезінде бірнеше мақсат көзделді. Біріншіден, Атырау облысының Ресеймен шекарасындағы Қиғаш өзенінде өсетін, Қызыл кітапқа енген лотос гүлін кенеп бетіне түсіру. Екіншіден, су бетіндегі сұлулықты бояулар үндестігімен бейнелеу арқылы ішкі туризмді дамытуға үлес қосу. Үшіншіден, туған өлкеге сүйіспеншілікті арттыру. Төрт өңірден қатысқан суретшілер бір-бірімен тәжірибе алмасты», -дейді Әбіл Жоламанов.

«Су бетіндегі сұлулық» атты суретшілердің республикалық пленэріне қатысушыларға 250 мың теңгенің стипендиясы табыс етілді.

ҚР Суретшілер одағының мүшесі, халықаралық және республикалық көрмелерге қатысқан алматылық қылқалам шебері Максим Ведерниковтің айтуынша, лотос алқабы – туристік брендке сұранып тұрған мекен.

«Қазақстанда туристерді қызықтыратын табиғи орындар көп. Бірақ, су үстінде өсіп тұрған лотос секілді әдемі алқапты алғаш рет көрдім. Шын мәнінде су бетіндегі сұлулықты көзбен көру керек», -деді Максим Ведерников.
Қызылордалық суретші Дулат Айтбаев Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы сәндік өнер музейіне ерекше туындысын тапсырды. Ол лотос гүлін салуға күрішті пайдаланған.
Планэрге қатысқан суретшілер лотос алқабын бейнелеген 21 туындысын Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы сәндік өнер музейінің қорына тапсырды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын қазақстандық суретшілер Қиғаш өзеніндегі алып гүлді кенепке бейнелеп жатқанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар