Louis Vuitton киіз үй стиліндегі сөмке шығаруы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық стартапердің жобасына әйгілі француз бренді Louis Vuitton қызығушылық танытты. 

Louis Vuitton киіз үй стиліндегі сөмке шығаруы мүмкін
Фото: www.instagram.com/talapai_kz

Бұл туралы Айнұр Болаттың өзі Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында айтып берді.

— Осыдан үш жыл бұрын «Қазақта үстел форматына келетін ойын бар ма?» деген сұрақ туындады. Іздене келе, ойындарымыздың көбі желіп жүріп, шауып жүріп ойланатынын түсіндім. Бірақ тоғызқұмалақтың барын ескеріп, тағы да іздене бастадық. Кітапханаларда бірнеше ай бойы іздендім, этнографтармен кездестім. Сол арқылы «бестемше» сынды ойындарды жаңғырттық. Оған қоса «бестас», «құмар» секілді 5-6 ойынды біріктіріп, «Талапай» жобасын қалыптастырдым, — дейді Айнұр Болат.

Louis Vuitton киіз үй стиліндегі сөмке шығаруы мүмкін
Фото: www.instagram.com/talapai_kz

Кәсіпкердің айтуынша, жобаның атауы да ерекше мағынаға ие.

— «Талапай» деген сөз бір нәрсені талан-тартысқа салу, бөліп алу деген мағынаны білдіреді. Мен тапқан қазақтың ұмыт қалған ойындарын халқым таласып, тармасып алса деген ниетпен осы атауды қойдым, — дейді стартапер.

Louis Vuitton киіз үй стиліндегі сөмке шығаруы мүмкін
Фото: www.instagram.com/talapai_kz

Айнұр Болат ұлттық ойындарды заман талабына сай тартымды етуге де назар аударған.

— Біз мектепте көріп өскен тоғызқұмалақтың сырты көк, каучуктен жасалатын, аса тартымды емес. Сол үшін оны ағаштан жасап, барынша сапалы, әдемі әрі құнды қылып көрсеткіміз келді. Екінші жағынан, қазақ тілі мен орыс тілі жарыса қолданылатын заманда қазақ тілінің танымына, салт-дәстүрге деген қызығушылықты ойындар арқылы меңгерсе екен дедік. Үшінші жағынан, ойындардың әрқайсысы стратегиялық ойлау, логика, шапшаңдық, ұшқырлық сынды қабілеттерді дамытады. Әрбір ойынның ішкі-сыртқы мазмұнына үңілсек, оны сағаттап сипаттауға болады, — дейді ол.

Жоба алғашында үлкен қолдау таппағанымен, уақыт өте келе кәсіпкер оны халықаралық деңгейге шығаруды қолға алған.

— Жоба алғаш басталғанда аса қатты қолдау таба қойған жоқ. Бірақ уақыт өте келе «неге биіктен көрмесе?!» деген ой туындады. Сол сәтте Швейцариядағы Louis Vuitton-ның киіз үй нұсқадағы дүкендері ашылған еді. Өздеріңіз білетіндей, Louis Vuitton бірнеше жылдан бері шахматпен жақсы коллаборация жасайды. Менің де ойыным шахматтан кем емес, ол да адамның стратегиялық қабілетін дамытады. Соның бәрін біріктіріп, «неге киіз үй үлгісінде сөмке жасамасқа?!» деген сұрақ туды, — дейді Айнұр Болат.

Кәсіпкердің айтуынша, дәл осы идеямен ол екі жыл бұрын Louis Vuitton компаниясына ресми хат жолдаған.

— Екі аптадан кейін маған хат келді. Бірақ, шынын айтсам, хатыма жауап келеді деп ойламадым. Сол үшін алғашында елемей жүрдім. Өйткені мұндай брендке олардың аса қатты қызығушылығы бола қоймас деп ойлаған едім. Одан кейін келген бірнеше хаттарды оқып, шынымен де менің атыма келгеніне көз жеткізіп, ары қарай бірге жұмыс істеуді бастадық, — дейді стартапер.

Louis Vuitton компаниясынан келген хатта:

- Құрметті Полатова Айнұр! Бізге сіздің идеяңыз ұнады. Ары қарай талқылау үшін осы нөмірге хабарласыңыз, — деп жазылған.

Louis Vuitton киіз үй стиліндегі сөмке шығаруы мүмкін
Фото: www.instagram.com/talapai_kz

— Біз алғашқы кездесуді онлайн өткіздік. Кейін Париж қаласына бардым. Жалпы бірнеше рет кездестік. Келісім әлі толық аяқталған жоқ. Себебі, ол ұзақ уақытқа созылатын процесс. Бәрі бірден бола қоймайды. Қазір қажетті жұмыстар атқарылып жатыр. Нәтижесінде киіз үй бейнесіндегі сөмке шығуы қажет, — дейді Айнұр Болат.

Айта кетейік, Орталық Азиядағы ең ірі стартап байқауы — Astana Hub Battle өз мәресіне жетті. Байқау тарихында алғаш рет бірден алты жоба жеңімпаз атанды және әр команда 25 мың АҚШ доллары көлемінде грант алады.

 

Соңғы жаңалықтар