LRT экс-басшысы Талғат Арданға қатысты жаңа үкім шықты
АСТАНА. KAZINFORM – Іздеу жарияланған LRT экс-басшысы Талғат Ардан тағы да сырттай сотталды. Бұл туралы Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты хабарлады.
Іс сотталушыға қатысты халықаралық іздестіру жарияланғандықтан оның қатысуынсыз сырттай қаралды.
Аталған сот таратқан хабарламаға қарағанда LRT экс-басшысы Талғат Ардан қызмет мүдделеріне қайшы лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалана отырып, нақты қажеттіліксіз LRT құрылыс жобасы бойынша Қытайдың мемлекеттік даму сыртқы қарыздың бірінші траншы ретінде 257,6 млн АҚШ долларын заңсыз сұратқан. Қаражат түскен сәттен бастап олар жоба бойынша пайдаланылмаған деген айып тағылған.
«А. бұрын Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 03.05.2023 жылғы үкімімен аса ірі мөлшерінде бюджет қаражатын талан-таражға салғаны үшін (ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы) сырттай мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сарапшылар мен мамандардың қорытындыларымен, қылмыстық істің материалдарымен расталды. Сот үкімімен А. ҚК 361-бабы 4-бөлігінің 3) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды және ҚК 58-бабының 6-бөлігі қолданылып, соттың 03.05.2023 жылғы үкімі бойынша тағайындалған жазаны ішінара қосу арқылы түпкілікті мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, биыл шілдеде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Талғат Арданды БАҚ арқылы жауап алуға шақырған еді. Бірақ аталған тұлға жауап беруге уақытында келмеген еді.
Өткен жылы мамырда елордада салынбай қалған Astana LRT құрылысына қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Сот үкімімен Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбеков 7 жылға сотталды.
Бас прокуратура Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековті іздеу жұмысының тоқтамайтынын айтты.
Еске сала кетсек, биыл тамызда Astana LRT бұрынғы басшысы Талғат Арданға қатысты қылмыстық іс тергеліп жатқаны белгілі болды.