LRT-ның маңынан баспана сатып алу қаншалықты тиімді

АСТАНА. KAZINFORM – LRT салынған жолдың бойынша әртүрлі инфрақұрылым дамып келе жатыр. Бұл туралы BIZDIÑ ORTA подкастында Астана қаласы урбанистика орталығының аға урбанисі Нұрқожа Бауыржанұлы мәлім етті.

AAJ_5160.jpg
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

- Негізі LRT-ның салынуы өте көп салаға әсер етеді. Біріншіден, LRT-ның айналасында, станцияларының маңында кішігірім саябақтар салынып жатыр. Қазір саябақтарға ерекше назар аударылып жатыр. Біздің негізгі бағыттарымыз - ол жағалаулар, LRT және ескі тарихи көшелер. Тарихи көшелерде қазір үйлердің қасбеттері жаңғыртылып жатыр, жағалауда абаттандыру жұмыстары қарқын алды. Ал LRT-ның айналасында қойылған үлкен мақсат — сол жерге қоғамдық кеңістіктер жасау. Оның айналасы жайлы, серуендеуге және демалуға болатындай қалыптасып жатыр. Сонымен қатар, LRT-ның бойында қазір жаңа оқу орындары, жаңағы университеттер салынып жатыр. Мәселен, қала қалыптастырушы өнеркәсіп деген түсінік бар, яғни бір қала шахтаның әсерінен, ал кейбірі заводтың әсерінен пайда болады. Бұл ретте, LRT соған ұқсас сипатта, - деді Нұрқожа Бауыржанұлы.

Нұрқожа Бауыржанұлы
Фото: видеодан алынған скрин

Осы орайда маман LRT салынған жолдың бойында түрлі инфрақұрылым дамып келе жатқанын айтты.

- «LRT-ның қасында» деген сөздің өзі қазір бір мәртебе болып тұр. Ол жердегі бизнес, коммерциялық орындардың бағасы өседі, сондай-ақ үйлердің бағасы да өседі, сол маңдағы коммуникациялар дамиды. Себебі ол жерге жету оңай. Қазір басқа кез келген көлікке қарағанда, LRT-мен жүру шынымен де жылдам, ешқашан кептелісте тұрмайды. Сондықтан енді LRT Астананы дамытатын бір күш деп айтуға да болады, - деді сарапшы.

Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстанда LRT нысандарына арналған полиция басқармасы құрылады.