LRT ісі бойынша Нұрәлі Әлиев тергеу орбитасына тартыла ма
АСТАНА. KAZINFORM – Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев Мәжілістің жалпы отырысынан кейін журналистердің сұрағына берген жауабында LRT ісі бойынша Нұрәлі Әлиев пен Дариға Назарбаеваның тергеу орбитасына тартылу мүмкіндігі туралы пікір білдірді.

- LRT ісі туралы журналистік зерттеулерде Нұрәлі Әлиев пен Дариға Назарбаеваның есімі көп аталады. Бұл тұлғалар тергеу орбитасына тартыла ма, - деп сұрады журналист Мәжілістің жалпы отырысынан кейін.

Бас прокурордың орынбасары бұл туралы өзге қылмыстық қудалау органдарынан мәлімет сұрау керектігін айтты.
- LRT бойынша тек қана айтатыным – бізде екі іс бар. Біреуі бойынша 5 жыл бұрын сот үкімі шыққан.
Екіншісі – осы Т.Арданның ісі. Түркияда қамақта отырғанын жаңа айттым. Ал сіз айтып отырған басқа адамдар туралы менде ешқандай ақпарат жоқ, мен білмеймін. Ол туралы басқа қылмыстық қудалау органдарынан сұрау керек, - деді Әсет Шындалиев.
Еске салсақ, Ұлттық қауіпсіздік комитеті LRT салу жобасы арқылы мемлекетке 85,9 млрд теңге шығын келтірді деп айыпталған Талғат Арданның Түркияда ұсталғанын мәлім еткен болатын.