Лудомания маскүнемдік пен нашақорлықты жолда қалдырды – психолог
Кейінгі жылдары біздің сөздік қорымыз лудомания деген жаңа сөзбен толықты. Өйткені қоғамда жеңіл жолмен пайда табу үшін бәс тігіп, ақшаға ойнайтын жастар саны жылдан-жылға артып келеді. Әлеуметтік мәселеге айналған лудоманияның белең алуына не себеп? Онымен күресу үшін неден бастаған жөн?Kazinform тілшісі Солтүстік Қазақстан облысында түрлі тәуелді адамдармен кәсіби түрде жұмыс істейтін жалғыз маман, осы саланың жілігін шағып, майын ішкен, 16 жылдық еңбек өтілі бар психолог Олег Матвеевті әңгімеге тартты.

– Олег Викторович, лудомания деген не, оның ойынқұмарлықтан айырмашылығы бар ма?
– Айырмашылығы жоқ. Оны гэмблинг деп те атайды. Бұл – құмар ойындарға тәуелділік, психологиялық ауытқу, яғни, ақшаға ойнау.
– Лудомания елімізде шынында да өзекті болып тұр ма?
– Лудомания өзектілігі жағынан қазір бірінші орынға шықты деп айтар едім. Мәселен маскүнемдік бойынша Заң жүзінде қандай да бір шектеулер бар. Атап айтар болсақ, дүкендерде 21 жасқа дейін арақ-шараптарды, темекіні сатпайды. Есірткіні пайдалануға мүлде тыйым салынған. Ал, ойынқұмарлық керісінше қазір дамып, насихатталып, кең тарап жатыр. Әр қаладан көшеде букмекерлік кеңселердің жарнамасы бар баннерлерді жиі көруге болады. Яғни, олар заңды түрде өздерін жарнамалап жатыр. Фильм көріп отырсаң да олардың жарнамасы жиі шығып, ұтыс тігуге шақырады. Бәрі насихаттап жатыр. Спортшылардың формасында да, қоғамдық көліктерде де бадырайған жарнама. Ал жастар бізде еліктегіш. Олар психологиялық тұрғыда өте әлжуаз, ыңғайға тез көнгіш, тез иланады.
Қазір маған көмек сұрап келіп жатқандардың басым бөлігі – осы ойынқұмарлар. Тек содан кейін ғана халық арасында «тұз» атауымен белгілі есірткіні тұтынатындар, нашақор, маскүнемдер тұр.
Лудомания – бұл ерекше тәуелділіктердің бірі деп айтар едім. Өйткені ойынқұмар адамды жүріс-тұрысынан, сыртқы келбетінен басқалардан айыра алмайсың. Нашақор мен маскүнемді бірден көресің ғой. Мысалы, лудоман смартфонды өзімен бірге дәретханаға алып кіріп, бір минуттың ішінде млн теңгені ұтысқа тігіп, түк болмағандай шығуы мүмкін. Ол үшін ешқайда бармайды да, смартфонда оған қажеттің бәрі бар.
Лудоманиямен күресу үшін интернеттегі барлық арнайы қосымшаны жауып, тыйым салу керек. Бірақ, өкінішке қарай жаппайды, өйткені олар мемлекетке орасан салық төлеп отыр. Заң бойынша тек 18 жасқа дейін ойнауға болмайды, басқа шектеу жоқ. Бірақ соған қарамастан балалар басқа біреулердің көмегімен қосымшаға тіркеліп, ақша тігіп жатады. Ойнау үшін қарызға белшеден батып, кредит алады. Бұл жерде барлығына бірдей несие беретін қаржылық ұйымдар да бар. Өкініштісі, мұны туған-туыстары жағдай ушыққанда ғана байқайды.
– Жалпы бұл мәселе қашан пайда болды? Лудомания дерт пе?
– Бұл мәселе бұрыннан бар. Бірақ бүгінде ойынқұмарлар саны өте жылдам өсіп жатыр. Оның басты себебі – қазір екінің бірінде смартфон бар, интернет қолжетімді, мобильді қосымшалар көп. Ұнағанын таңда да қалауыңша ойнай бер. Оның ішінде казино да, бәс тігуге болатын спорттық ойындар да жеткілікті. Біздің өмір сүріп жатқан кезең сондай, қаншалықты дамысақ, соншалықты рухани құлдырап жатырмыз.
Лудомания – психологиялық дерт. Өкінішке қарай, диспансерлік есепке алынбайды, өйткені бізде заң жоқ. Оларды ешкім мәжбүрлі түрде емдете алмайды. Себебі заңдық тұрғыда әсер ету әдісі қарастырылмаған. Соңғы уақытта реабилитациялық орталықтар пайда бола бастады. Бірақ ол жерде ем алу ақылы.
– Құмар ойындарға тәуелділер арасында жастардың саны басым ба, әлде орта жастағылар көп пе?
– Негізінен жастар құмар ойындарына берілген. Қазіргі жастар басқаша ойлайды, бәрі бірден болғанын қалайды және мол ақшаға жеңіл жолмен қол жеткізгісі келеді. Олар ойындарға ақша тігу арқылы ауқымды ұтысқа кенелемін деп ойлайды. Басында ұтуы мүмкін, бірақ кейін он есе жоғалтатынын білмейді.
Жалпы ойынқұмарлық та, нашақорлық та «жасарып» келеді. Егер осыдан 20 жыл бұрынғы статисиканы қарайтын болсақ, химиялық тәуелділік негізінен 35-40 жастағы адамдарда болатын. Қазір есірткіні пайдаланатындардың арасында мектеп оқушылары да баршылық. Маған келетін ойынқұмарлар да негізінен оқушылар. 13 жастан басталып, 30-ға дейін, одан үлкендер өте сирек көмек сұрайды.
– Ойынқұмардың психологиялық портретін жасап беріңізші.
– Жоғарыда айтқандай, оның басқалардан ерекше белгісі жоқ. Жалпы адамдарды екіге бөлуге болады – тәуелді және жартылай тәуелсіз. Әр адам бір нәрсеге болсын тәуелді және оның деңгейі әртүрлі болады. Лудоманға келер болсақ, ол үшін басты құндылық не? Нашақор да қолданатын дозасын өсіре береді ғой, сол секілді ол да барған сайын тігетін ақшаның мөлшерін арттырады. Айталық, бастапқыда 5 мың теңгеден бастаса, оны келесі жолы өсіреді, өйткені ұтылған ақшасының орнын толтырғысы келеді. Бір жылдан кейін оған 100 мың теңге де аз болады. Яғни, ол ақшаның құнын тез жоғалтады. Мұндай адамдар жұмыста тапқан еңбекақысын ақша деп санамайды.
Екіншіден, кез келген тәуелді адам бір күнмен өмір сүреді, артын ойламайды. Оның болашаққа жоспары жоқ. Ал өзін-өзі ұстауына келер болсақ, негізсіз көп қозғалады, тынышсыз болады. Ал тәуелсіз адам өзін байсалды ұстайды. Тағы бір ерекшелігі – көп өтірік айтады, мойнына жауапкершілік алмайды, үнемі ақталып жүреді, міне осы нағыз портреті. Ойынқұмар мен нашақордың былайша айтқанда айырмашылығы жоқ, тек химиялық заттардан физикалық тұрғыда зардап шекпейді. Әлеуметтік жағдайына келер болсақ, лудоман да түптеп келгенде отбасынан да, жұмысынан да айырылады.
– Егер отбасында лудоман болса не істеу керек? Алғашқы көмекті неден бастау керек? Бұл дерттің емі бар ма?
– Барлық тәуелділіктен құтылуға болады, оны сенімді түрде айта аламын. Бірақ тәуелді адам өзі ынта білдірмейінше, бәрі бекер. Сондықтан қоғам ондай адамдардан күдер үзеді, өйткені, олар көп жағдайда өзгергісі жоқ. Мұның басқа жолы бар, оны емделгісі келетіндей мәжбүрлеу керек. Оның қасында мәселесін шешетін ата-анасы, зайыбы болған жағдайда ол ойнауын тоқтатпайды. Сондықтан ойынқұмарды оған жайлы жағдайдан шығару керек. Сонда ғана ол мойнына жауапкершілік алып, әрі қарай не болады деп ойлана бастайды.
Ал жалпы тәуелді адамды емдеудің негізі – сол адамды өзгерту. Ол белгілі бір уақытқа қоюы мүмкін. Бірақ тәуелді болып қалады. Сондықтан да не үшін ойнап, шегіп, ішіп жүргені туралы мәселені шешпейінше, нәтиже болмайды. Яғни, оны осы әрекетке итермелейтін проблема бар. Ойын, арақ-шарап – проблема емес. Оның бойындағы мәселе бала жастан бастап қалыптаса бастаған. Бір күнде ойынқұмар болып шықпайды адам.
Тәуелділікті қазір реабилитациялық орталықтарда емдейді. Мәселен химиялық тәуелділігі бар нашақор мен маскүнем үш кезеңнен өтуі тиіс. Оның біріншісі – наркологиялық орталық, бұл жерде бірінші кезекте ағзаны тазартады. Түрлі препараттарды қолданады. Сол жерде маскүнем 21 күн, нашақор 45 күн жатып, физикалық қалыпқа келеді. Ол жерде айтарлықтай психологиялық жұмыс жүргізілмейді. Ал реабилитациялық орталықта психологияға басымдық беріледі. Сол жерде оның бұл жолға түсуіне не себеп болғанын анықтап, мәселені шешуге көмектеседі. Ойынсыз тәуелсіз өмір сүруге бейімдейді. Яғни, біріншісі – физикалық коррекция, екіншісі – психологиялық реабилитация, үшіншісі – әлеуметтік оңалту. Бұл жерде әлі де толық шешілмеген проблемасы болса, шағын социум арасында оңалтудан өтеді. Ойынқұмарларды емдеу үшін жарты жылдан бір жылға дейін уақыт керек.
– Осы мәселемен айналысатын орталықтар бар ма?
– Алматы, Астана және Павлодарда ғана бар. Ол жаққа біздің лудомандар барып емделмейді, өйткені әрқайсысының басында бірнеше кредит бар, қарыздары бар. Отбасы мен жұмыстарын тастап барғылары келмейді. Сондықтан мұндай дертке шалдыққан адамдармен Петропавлда жұмыс істеп жатырмын.
Жай психолог лудомандармен жұмыс істей алмайды, бұл жерде осы салаға маманданған болуы қажет. Өйткені ойынқұмарларды емдеуде қатаң тәсілдерді – сыни ойлауды қолданамыз, ал жай псхологтар позитивті ойлауды қолданады.
– Сіздің тәжірибеңізде осы лудоманиядан толық емделіп кеткендер болды ма?
– Иә, болды. Нәтиже болмаса жұмыс істемес едім. Істеген жұмысыңның нәтижесін көргенде құлшынысың артады. Пәтерінен, көлігінен – бар дүние-мүлкінен, тіпті, отбасынан, жұмысынан айырылып, суицидке дейін барғандармен жұмыс істедім. Бәрін жоғалтқан олар бар күш-жігерін жинап, тәуелділіктен босап шыға алды. Мен оларға білім және бағыт беремін. Қалғанын өздері істеулері қажет.
– Лудоманиямен қалай күресу керек?
– Балаңызды назардан тыс қалдырмаңыз, ол деген басқан ізін аңду емес, онымен сөйлесіңіз, ол жай бос сөз емес, сапалы әңгімелесу болғаны жөн. Балаңыз жайында көп біліңіз: оған не қажет, қандай тілегі бар, бойында қандай құндылықтар қалыптасып жатыр, ол үшін не маңызды, қандай принциппен өмір сүреді, кім болғысы келеді? Әке-шеше баласының барлық қажеттілігін біліп, кейбірін түзетіп отыруы керек. Отбасында бірінші кезекте сенім болуы қажет. Сонда осындай негативті жағдайлар болмайды. Суицид, буллинг те отбасында сенімнің болмауынан шығады. Бала ең жақын деген адамдарына да өз мәселесін айта алмайды. Балаңызға дос бола біліңіз, яғни, ол мәселесімен бөліскен кезде сіздің оны адекватты түрде қабылдайтыныңызды білуі керек.
Балаға дұрыс тәрбие беруді білу қажет. Қазіргі ата-аналардың көпшілігі мұны білмейді. Тәрбие беру – бұл ғылым, оны үйренген жөн. Ата-аналардан неге бұлай деп сұрасаң, мені де осылай тәрбиелеген деп жауап береді. Тәрбие жөнінде ешқандай кітап оқымаған. Ата-анамыздың тәрбиесі – кеңестік заманғы тәрбие. Қазір заман басқа, сондықтан бұрынғы тәрбие жарамайды.
Біз заңды өзгерте алмаймыз, бірақ, әрқайсымыз өз отбасымызда ойынқұмар болмайтындай балаға дұрыс тәрбие бере аламыз. Егер қалай тәрбиелеріңді білмесең маманның көмегіне жүгін. Жол көрсетеді, бағыт береді, өйткені ол осы саланың маманы.
Егер балаға кішкентайынан дұрыс тәрбиенің өзегін салмасаң, бұл бос орынды қоғам толтырады. Ал көшеден, қазіргі уақытта дұрыс тәрбие алу мүмкін емес. Тәрбие – кез келген тәуелділікке қарсы әрекет.
Маскүнемдік арақ пен сырадан, спирттік ішімдіктерден, нашақорлық анашадан, ал лудомания – компьютерлік ойындардан басталады. Шектеу болмаса, арты тәуелділікке ұласады. Адреналин, азарт пайда болады.
Генетика, тұқымқуалаушылықтың да әсері бар. Менің тәжірибемде тек бір әйел ғана осы тұқымқуалаушылықтың әсері жайында білу үшін кеңес алуға келді. Оның жүріп жүрген жігіті арақ-шараптан кетәрі емес екен. Ол маскүнемдік емделе ме, нәтиже бола ма, мұндай адамнан бала сүйген дұрыс па деген сұрақтарға жауап іздеді. Көпшілік бұл мәселеге назар аудармайды, бұл дұрыс емес. Тұрмыс құрмас бұрын болашақ жарың жайында, оның әке-шешесі, тіпті ата-әжесі туралы да білген жөн. Ойынқұмарлық, маскүнемдік генмен берілмесе де, адамның жүріс-тұрысы, мінез-құлқы балаларына дариды. Ал дұрыс тәрбие болмаса ол ушыға түседі.
Қос стандарт болмауы тиіс. Әкесі өзі темекі шегіп, баласына темекі шекпе деп айта алмайды. Өз сөзіне өзі қарсы шығып тұр. Осылайша бала алдында қадірден, сенімнен айырылады.
Бала тәрбиесінде ұсақ-түйек жоқ, үш жастан бастап баламен ересектерше сөйлесу керек. Оның кішкентай міндеттері, жауапкершілігі болуы қажет. Басында ойыншықтарын жинаудан бастап, кейін ыдысты жинау, қоқысты шығару, дүкенге барып келу сияқты жасы өскен сайын міндеттері де арта беруі керек. Еңбекке, дербестікке баулыған жөн. Сонда ғана ол ештеңеге тәуелсіз болып ер жетеді. Мәпелеп өсірген бала ересек өмірге бейімделе алмай, көп жағдайда адасады.
Қоғам 90% дұрыс емес стереотиптермен өмір сүреді. Қазіргі уақытта қандай стереотиптер бар? Оның біріншісі – адам өзгермейді деген стереотип. Мен жеті түрлі фактор, жеті түрлі амал-тәсілмен мұның бұрыстығын дәлелдедім. Адам өзгеріссіз қалмайды, ол физикалық, инттелектуалдық, психикалық, әлеуметтік, рухани жағынан өзгереді.
Екіншісі – наркомания емделмейді деген стереотип. Мыңдаған, миллондаған адам нашақорлықтың ең ауыр түрлерінен емделіп, қатарға қосылғаны туралы білеміз.
Ерлер мен әйелдердің өз стереотиптері бар. Соның бірі – ырымшылдыққа қатысты. Шынында оны біреулер ойлап тапқан.
Емделмейтін ауру жоқ деп айтар едім. Ойынқұмарлықпен күресу үшін оған ойнауға мүмкіндік бермеу керек, сол кезде мәселе өздігінен шешіледі деп ойлайтындар бар. Оның бәрі уақытша. Әрі бұл жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін. Бұл кезеңде ойын – оның өмірінің мәні болып тұр. Сондықтан лудоманиядан бір рет, бірақ жақсылап емделген жөн.
Тағы бір айта кететін жайт, ойынқұмарға шын мәнінде ақша керек емес, ол ойынға ақша ұту үшін келген жоқ, оған ойнаған сәттегі күй ұнайды, азарт, адреналин, қатер – содан ләззат алады.
– Әңгімеңізге рахмет!