Lufthansa тағы 4 000 жұмыс орнын қысқартпақ

АСТАНА. KAZINFORM — Қысқарту 2030 жылға дейін жүзеге асырылады. Германияның ірі әуе компаниясы жоғары шығындармен күресіп, өткен жылы пайдасының төмендеуін тіркеді, деп хабарлайды Еuronews.

Lufthansa
Фото: euronews.com

Lufthansa компаниясы 2030 жылға дейін әкімшілік аппаратта шамамен 4 мың жұмыс орнын қысқарту ниетін жариялады. Үнемдеу цифрландыру, автоматтандыру және үдерістердің тиімділігін арттыру есебінен жүзеге аспақ.

Германияның ең ірі әуе компаниясы Lufthansa біраз уақыттан бері пайдасының азаюы мен шығындардың көбеюімен күресіп келеді. Жұма күні компаниядағы дереккөздер алдағы жылдары Lufthansa әкімшілік аппаратының шамамен 20 пайызға қысқаратынын хабарлады.

Дүйсенбі күні Мюнхенде инвесторларға арналған іс-шарада компания шығындарды азайту жоспарын ұсынбақ.

Жоғары пайда: Lufthansa әзірге төтеп беріп тұр

Сонымен бірге концерн орта мерзімді кезеңге арналған табыстың мақсатты көрсеткішін жоғарылатты. Компанияның өз мәліметіне сәйкес, 2028 жылдан бастап Lufthansa сатылымнан түскен пайданы сегізден он пайызға дейін жеткізуді көздеп отыр. Бұған дейінгі меже сегіз пайыз болған, алайда жоғары шығынға байланысты сирек орындалған.

AirFrance-KLM немесе British Airways компанияларымен салыстырғанда Lufthansa соңғы жылдары өз позициясын қалпына келтіруде қиналып келеді. Компания көрсеткіштері коронавирус пандемиясына дейінгі 2019 жылғы деңгейден әлі төмен.

Бір жылдан сәл аса уақыт бұрын Lufthansa шығынды қысқартуға және кірісті арттыруға бағытталған қайта құрылымдау бағдарламасын іске асырған еді. Алайда күткен нәтиже әзірге байқалған жоқ.

Германияда Lufthansa компаниясында 100 мыңнан астам адам жұмыс істейді, оның ішінде 15 мыңға жуығы әкімшілік салада еңбек етеді. 

Айта кетелік «Lufthansa» әуе компаниясының Қазақстанға рейсін тоқтату себебі айтылған еді

Соңғы жаңалықтар