Lufthansa және Eurowings ұшқыштары ереуілге шықпақ
АСТАНА. KAZINFORM — Vereinigung Cockpit кәсіподағы Lufthansa және Eurowings әуе компанияларының ұшқыштарын 13–14 сәуір күндері ереуіл өткізуге шақырды. Ал авиакомпания бұл талаптарды «ақылға қонымсыз және орындалмайтын» деп бағалады, деп хабарлайды DW агенттігі.
Lufthansa, сондай-ақ оған қарасты Lufthansa Cargo, CityLine және Eurowings әуе компанияларының ұшқыштары 13 және 14 сәуірде ереуіл өткізеді. Бұл туралы Германияның ұшқыштар мен авиаинженерлер кәсіподағы Vereinigung Cockpit 11 сәуір, сенбі күні ресми сайтында жариялады.
Атап айтқанда, 13 сәуірде Германия әуежайларынан ұшатын Eurowings рейстерінің барлығына ереуіл әсер етеді. Дегенмен, Таяу Шығыстағы тұрақсыз жағдайға байланысты Германиядан Әзербайжан, Бахрейн, Мысыр, Израиль, Иордания, Ирак, Йемен, Катар, Кувейт, Ливан, Оман, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктеріне ұшатын Lufthansa, Cargo және CityLine ұшқыштары ереуілден босатылады.
— Vereinigung Cockpit кәсіподағы бұл қадамға жұмыс берушілер бірнеше еңбек дауы бойынша нақты шешім ұсынуға дайындық танытпағаннан кейін мәжбүр болды. Пасха мерекесі кезінде ереуіл жасамау туралы саналы шешім қабылданғанына қарамастан, тараптардан маңызды ұсыныстар түспеді. Жұмыс берушілер тарапынан жауап та, келіссөз жүргізуге дайындық та байқалмады, — деді VC төрағасы Андреас Пиньейру.
Кәсіподақты Lufthansa-ның зейнетақы бағдарламалары қанағаттандырмады
Кәсіподақ өкілдерінің айтуынша, ереуілге шақырудың басты себебі — Lufthansa және Lufthansa Cargo тарапынан корпоративтік зейнетақы бағдарламалары бойынша ұсыныстардың болмауы. Сондай-ақ CityLine компаниясының ұжымдық келісімшартқа қатысты ұсыныстары да жеткіліксіз. Ал Eurowings ұсынған зейнетақы бағдарламасы мүлде қабылдауға келмейді және тым төмен деңгейде екені атап өтілді.
Пиньейру ереуілді «сәтсіз келіссөздерді сақтап қалуға бағытталған соңғы шара» деп атап, жауапкершілікті жұмыс берушіге жүктеді. Сонымен қатар, VC мүшелерін 15 сәуірде Франкфурт-на-Майн әуежайындағы Lufthansa кеңсесі алдында өтетін бортсеріктердің UFO кәсіподағының митингіне қатысуға шақырды. Айта кетейік, 10 сәуірде UFO өткізген ереуіл жүздеген рейстің тоқтатылуына себеп болған.
Lufthansa VC жоспарын сынға алды
Lufthansa өкілдері VC-нің ереуіл өткізу туралы шешімін қатаң сынға алып, оны «шиеленістің мүлде жаңа деңгейі» деп атады. Әуе компаниясының мәлімдеуінше, кәсіподақтың негізгі талабы — «онсыз да жоғары деңгейдегі зейнетақы бағдарламасын екі есеге арттыру» — «ақылға қонымсыз әрі орындалмайтын» талап.
Бұған дейін Lufthansa компаниясындағы ереуілдер Германия бойынша көптеген рейстердің тоқтатылуына әкелген еді.
Бұған дейін Lufthansa рейстерінде тазалау ережелері өзгереді.