Лула да Силваның жеңісінен кейін Бразилия қор нарығы құлдырады

АСТАНА. KAZINFORM — Бразилия президенті Луис Инасиу Лула да Силваның қайта сайлануы инвесторлар үшін күтпеген жағдай болып, елдің қор нарығы мен ұлттық валютасы күрт құнсызданды. Бұл туралы Reuters хабарлайды.

Лула да Силва переизбран президентом Бразилии
Фото: Anadolu

Активтер жаппай сатылғандықтан, биржадағы сауда-саттық уақытша тоқтатылды.

26 қазан, дүйсенбі күні сауда барысында Бразилия реалы АҚШ долларына қатысты құнының 11 пайыздан астамын жоғалтты. Бұл валюта тарихындағы бір күн ішіндегі ең ірі құлдыраулардың бірі болды. Ал Bovespa негізгі қор индексі 15 пайыздан астам төмендеп, 1998 жылдан бергі ең үлкен пайыздық құлдырауын көрсетті.

Индекс алдыңғы сауда күнінің жабылу деңгейімен салыстырғанда 10 пайызға төмендеген соң, Бразилияның B3 биржасы сауда-саттықты 30 минутқа тоқтатты. Бұған дейін бағаның күрт ауытқуын тежеу үшін жекелеген фьючерстік келісімшарттар бойынша бағаның өзгеру шектері кеңейтілген еді.

Құлдырау мемлекеттік облигациялар нарығына да әсер етті. Нарықтағы құбылмалылықтың күшеюіне байланысты Бразилия Қаржы министрлігі 27 және 29 қазанға жоспарланған мемлекеттік борыштық бағалы қағаздар аукциондарын өткізуден бас тартты.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, инвесторлардың мұндай реакциясы президент сайлауының күтпеген нәтижесімен байланысты. Бірінші турдан кейін нарық қатысушылары сенатор Флавиу Болсонарудың жеңісіне үміт артып, оның әкімшілігі бюджет саясатын қатаңырақ жүргізеді деп болжаған.

Oxford Economics экономисі Маурисио Монженің айтуынша, Луланың басты міндеті — нақты жалақы мен жұмыспен қамтудың өсуін сақтай отырып, үкіметтің бюджет тапшылығын тұрақты түрде қысқарта алатынына инвесторларды сендіру.

Енді нарық қатысушылары жаңа қаржы министрінің тағайындалуына және қайта сайланған президенттің экономикалық бағдарламасына назар аударып отыр. Инвесторлар мемлекеттік борышты тұрақтандыру мен бюджет шығыстарын бақылауға алуға бағытталған нақты шараларды күтіп отыр.

Бұған дейін Луланың командасы 2030 жылға қарай бюджет профицитін жалпы ішкі өнімнің шамамен 1,3 пайызына жеткізуді көздейтінін мәлімдеген еді.

Еске салайық, Луис Инасиу Лула да Силва Бразилиядағы президент сайлауының екінші турында жеңіске жетті. Елдің Жоғарғы сайлау сотының мәліметінше, хаттамалардың 97,69 пайызы өңделген кезде Лула 51,74 пайыз дауыс жинаса, Флавиу Болсонару 48,26 пайыз дауыс алған. Луланың жаңа президенттік мерзімі 2027 жылғы 1 қаңтарда басталады.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Лула да Сильваны президент сайлауындағы жеңісімен құттықтады.