Лувр кітапханасы лас суға толып, жүздеген құжат бүлінді
АСТАНА. KAZINFORM — Париждегі Лувр кітапханасы лас суға толып, 400-ге жуық құжат бүлінді. Бұл туралы мұражай әкімшісінің орынбасары Фрэнсис Стейнбок мәлімдеді, деп хабарлайды БЕЛТА.
— Құбырдан кеткен кәріз суының кесірінен Мысыр көне жәдігерлер кітапханасының бір залына зақым келді. Қазіргі уақытта 300-400 құжаттың бүлінгені белгілі, біз толық түгендеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Зақымданған шығармалар судан шығарылып, қазір ластанған шығармалардың әр бетін кептіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деді Фрэнсис Стейнбок.
Оның айтуынша, тек египеттанушылар, Лувр қызметкерлері мен студенттер пайдаланатын мерзімді басылымдар, анықтамалықтар мен археологиялық журналдар бүлінген. Олардың ең көнесі ХІХ ғасырдың аяғына тиесілі болса, басқалары ХХ ғасырдың басында жарық көрген.
Стейнбок ғимараттағы желдету және жылыту жүйесіндегі мәселе бұрыннан бар екенін мойындады. Ол мұражайдың зардап шеккен аймағы жаңартылатын аймақтар тізімінде екенін атап өтті.
Еске салайық, Луврда 2026 жылдың соңына дейін 100 бейнекамера орнатылады. Лувр басшылығы камера орнату ісін тонау оқиғасынан кейін жариялаған қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған 20 іс-шарадан тұратын бағдарламаның бір бөлігі екенін атап өтті.