Лувр музейіне қойылатын ұлттық павильонның жобасы әзірленді – Мәдениет комитеті
2026 жылы Париждегі Лувр музейінде өтетін қазақ халқының ұлттық көрмесіне дайындық жұмыстары басталып кетті. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Сейітова мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

«Жаһандық мәдениеттер алмасуы музей саласы қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік артып, олардан кәсіби біліктілігін жан-жақты арттыруды талап етіп отыр. Заманауи музей тарих пен мәдениет арқылы қоғамдық сананы жаңғыртып, туристер әлеуетін тартуды, көне жәдігерлерді қорда сақтаумен ғана шектелмей ірі ғылыми орталық ретінде жұмыс жасау талаптарын қойып отыр. Осыған орай бүгінде Министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2026 жылы Франциядағы әлемге әйгілі Лувр музейінде Қазақстанның ұлттық көрмесін ұйымдастыру жұмыстарына дайындықты бастап кетті», - деді Күміс Сейітова елордада музей қызметкерлерінің І конгресінде.
Оның мәлімдеуінше, аталған халықаралық көрмеге дайындық аясында 2026 жылы Қазақстанның ұлттық көрмесін өткізу жөнінде алдын-ала уағдаластыққа қол жеткізілді.
«Лувр музейінде қойылатын Қазақстанның ұлттық павильонының тұжырымдама жобасы әзірленді», - деді комитет басшысы.
Одан бөлек, бүгінде министрлік Қазақстанның материалдық емес мәдени мұраларының ұлттық тізілімін жаңартып жатыр.
«Бүгінде ұлттық тізілімге қазақ халқының Наурыз мейрамы, асық ойыны, тоғызқұмалақ, домбыра аспабында ойнау, беташар, ортеке ұлттық биі тағы басқа барлығы 47 ұлттық құндылықтар енгізіледі», - деп толықтырды К. Сейітова.