Лувр ісі: Тағы төрт адам ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM – Париж прокуратурасының хабарлауынша, Лувр ұрлығына қатысты 38 бен 39 жастағы екі ер адам және 31 мен 40 жастағы екі әйел сұрақ алу үшін ұсталды, деп хабарлайды DW.
Франция полициясы Луврдағы оқиғадан бес апта өткен соң тағы төрт күдіктіні ұстады.
— Бұл Париж аймағынан шыққан 38 және 39 жастағы екі ер адам мен 31 және 40 жастағы екі әйел, — деді 25 қараша күні Париждің бас прокуроры Лора Бекко.
AFP келтірген Бекконың мәлімдемесінде 19 қазанда болған Луврды тонауға ұсталғандардың қандай қатысы болуы мүмкін екені көрсетілмеген. Франция заңнамасына сәйкес, тергеу мақсатында бастапқы қамауда ұстау 96 сағатқа дейін созылуы мүмкін.
29 қазанда басталған тергеу аясында бұған дейін тағы төрт адамға айып тағылған. Олардың арасында музейді тонады деп күдікке ілінген 35, 37 және 39 жастағы үш ер адам бар. Төртінші күдікті 38 жастағы әйел қылмысқа қатысы бар деп күдікке ілініп отыр.
Тергеу мәліметінше, қылмыскерлер 19 қазанда күндіз Луврға жүк көлігіне орнатылған жылжымалы баспалдақты пайдаланып кірген. Олар терезені кескіш құралмен бұзып, музейге кірген. Қылмыс орнынан қашып бара жатып, баспалдақтан түскен кезде гауһар және зүбәржатпен көмкерілген тәжді түсіріп алған, алайда сегіз басқа экспонатты алып кеткен.
Жалпы барлығы 8 зат қолды болған. Олардың арасында Мария-Луиза коллекциясындағы алқа мен сырға, Мария-Амелия және Гортензия топтамаларынан алынған алқа, сырға және тәж бар. Сондай-ақ императрица Евгенияға тиесілі коллекциядан екі брошь (оның бірі – реликварий брошы), корсажға тағатын бантик және тәж жоғалған.
Айта кетелік мұражай шығыны 88 миллион еуроға бағаланды. Сонымен қатар Луврдағы ұрлық туралы фильм түсіріледі. Луврда 2026 жылдың соңына дейін 100 бейнекамера орнатылады.