Луврдан Бостонға дейін: Тоналған әйгілі музейлер
АСТАНА. KAZINFORM – Әйгілі Лувр музейіндегі ұрлық бүкіл Францияны селт еткізді. Қылмыскерлер айналасы бірнеше минуттың ішінде Наполеон мен Жозефина патшайымға тиесілі болды делінетін құнды заттарды үптеп кеткен. Бұл кейінгі жылдардағы ең атышулы қылмыстардың бірі болып отыр. Kazinform бүгінгі материалда әлемде тіркелген ең атышулы музей тонау оқиғаларына шолу ұсынады.
«Мона Лиза» қолды болғанда (Париж, 1911)
ХХ ғасырдың басында Винченцо Перуджа есімді баукеспе Франция астанасына жайлы өмір іздеп барады. Ол кезде де Париж арманшыл жастар мен өршіл мақсаты бар еуропалықтарды өзіне магнише тартатын. Білікті ағаш шебері ретінде танылған Перуджа уақыт өте келе Луврға терезе мен айна орнатуға қатысады. Музейдегі қауіпсіздік шаралары соншалық жоғары деңгейде емес екенін байқаған қырағы шебер әйгілі Мона Лиза портретін ұрлауға бел байлайды. Ол үшін әуелі музейдегі суреттердің орнын алмастыру кестесін мұқият зерттейді. Жазда музей күзетшілерінің көбі демалысқа кетіп, қатары сирейтінін көреді.

Күзетшілер музейге келушілерді қазіргідей тінтіп тексермейтін де. Өстіп жүргенде мұражай қызметкерлерінің бірінен Мона Лиза портреті өзі жұмыс істеп жүрген залдың біріне уақытша қойылатынын естиді. Енді оған әйгілі суретті күдік тудырмай алып шығу ғана қалған. Күзетшілер қатары сиреді-ау деген кезде суретті бекіткіштен жұлып алып, оны киімінің астына жасырды. Солайша ол әйгілі туындыны музейден ұрлап шығады.

Перуджа картинаны Италияға қайтару үшін қомақты ақша ұсынатындар көп болады деп топшыласа керек. Жақсы сыйақыға оны Италияға қайтаруға дайын екенін білдіреді. Ақыры Флоренция қаласындағы жәдігер жинаушыға сатпақ болып жатқанда қамауға алынады. Луврға қайта оралған Мона Лиза екі жыл көзден таса жерде сақталып, кейін қайта келушілер көзайымына айналады.
Изабелла Стюарт Гарднер музейіндегі ұрлық (Бостон, 1990)
Изабелла Стюарт Гарднер мұражайына америкалық ұрылар 1990 жылғы 18 наурыздың түнінде түсіп, 13 өнер туындысын әкетеді.
Олар өздерін күзетшілерге дабыл бойынша келген сақшымыз деп таныстырады. Ішке кірген соң екі қарауылды матап, бір сағаттың ішінде бірнеше экспонатты алып шығарады.

Бұл қылмыс әлі ашылмаған. Ұрылар да ұсталған жоқ, қолды болған жәдігерлердің қайда екені де белгісіз. Федералдық тергеу бюросы мен жәдігер саудасының мамандары ұрланған заттардың құны жүздеген миллион доллар деп бағалаған. Музей әкімшілігі жәдігердің ізінен хабар берген адамға 10 млн доллар төлейтінін айтып жар салғанымен нәтиже болмады.
Ресей өнер академиясындағы ұрлық (Санкт-Петербург, 1999)
1999 жылдың 5 желтоқсанында Санкт-Петербургтегі өнер академиясының кітапханасына жасырынған ұрылар ортадағы есікті балтамен бұзып, жәдігерлер тұрған залға өтеді. Дабыл жүйесі іске қосылса да күзет қызметі қапы қалады. Тіпті дабылға елеңдеп келген кезекші полицейді кері қайтарады. Репин, Крамский, Хруцкий, Малявин, Тропинин сияқты атақты суретшілердің 16 туындысын қолды еткен баукеспелер жүкті екінші қабаттан арқанмен түсіріп, бой тасалап үлгереді. Қолды болған жәдігерлердің жалпы құны 1,1 млн доллар екені хабарланды.

Көп өтпей қылмыскердің бұрын сотталған Олег Мальцев есімді адам екені белгілі болды. Оның әйгілі картиналарды коллекционерлерге сатсам деген жоспары орындалмай, туындылар академияға қайтарылды.
Пикассо мен Гогеннің мұрасы ( Роттердам, 2012)
2012 жылдың 16 қазанында Роттердамдағы Кунсталь мұражайынан Пикассо, Моне, Гоген, Матисс, Люсиен Фрейд және Мейер Де Хаан сияқты суретшілердің туындылары ұрланды. Қылмыскерлер дабыл жүйесінен айласын асырғандықтан, ойлаған істі ың-шыңсыз тындырады. Бірақ полиция Раду Догару бастаған шетелдіктер тобын ізін суытпай ұстады. Сот кезінде Раду Догару өздері туындылардың түпнұсқа екеніне күмән келтіретінін мәлімдеген еді. Ондағы уәжі: «Мұндай құнды туындылардың түпнұсқасы осынша осал күзетілмеуі керек еді» дегенге саяды.

Ұрылар қолға түскенмен туындыларды қайтарып бермеген. Догарудың анасы әуелі айғақтан құтылу үшін бүкіл жәдігерді өртеп жібергенін айтып, кейін ол сөзінен айнып қалады. Халық арасында әйгілі картиналар қара базарда сатылып кеткен дейтін нұсқа жиі айтылады.

Грюнес Гевельбе музейіндегі ұрлық (Дрезден, 2019)
2019 жылдың 25 қарашасында ұрылар Еуропадағы ең көне мұражайлардың бірі саналатын Green Vault музейіне жасырын кіріп, саксон ақсүйектерінен қалған XVIII ғасырдың зергерлік бұйымдарын ұрлайды. Келген шығын 1 миллиард еуроға бағаланды. Қылмыскерлердің бір тобы ұсталғанымен, құнды жәдігерлер із-түзсіз кетті.
Еске салсақ, Луврдан ұрланған жәдігерлердің құны 88 миллион еуроға бағаланды.