Люксембург СІМ басшысы Қазақстандағы реформаларға қолдау білдірді

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Люксембург Ұлы Герцогтігінің сыртқы және еуропалық істер министрі Жан Ассельборн Қазақстан Республикасының Елшісі Марғұлан Баймұқанды қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

Люксембург СІМ басшысы Қазақстандағы реформаларға қолдау білдірді

Кездесу барысында тараптар Қазақстан-Люксембург қатынастарын дамытуға бағытталған алдағы саяси және экономикалық шараларды талқылады.

2023 жылы Люксембургтің ресми тұлғалары мен бизнес-миссияларының Қазақстанға жоспарланған сапарларына ерекше назар аударылды. Сондай-ақ, халықаралық көлік-транзиттік маршруттарды тиімді пайдалану мәселелері сөз болды.

Қазақстандық дипломат сыртқы істер министрі Жан Ассельборнға ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қыркүйек айындағы Жолдауының негізгі аспектілері, сондай-ақ елдің мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жаңғыртуға және қоғамның әл-ауқатын арттыруға бағытталған саяси-экономикалық өзгерістер туралы айтты.

Өз кезегінде Жан Ассельборн Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың маңыздылығын атап өтіп, Люксембург тарапының арадағы ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделілігін атап өтті.

Тараптар жоспарланған іс-шараларды жүзеге асыру үшін тығыз байланыста болатындарын айтты.