09:09, 13 Ақпан 2009 | GMT +5
Люксембург Ұлы Герцогтігінің премьер-министрі Жан-Клод Юнкер Қазақстан Елшісі Константин Жигаловты қабылдады
АСТАНА. Ақпанның 13-і. ҚазАқпарат - Кеше, ақпанның 12-сінде Люксембург Ұлы Герцогтігінің премьер-министрі Жан-Клод Юнкер дипломатиялық миссиясын аяқтап отырған Қазақстан Елшісі Константин Жигаловты қабылдады,
деп хабарлады ҚазАқпаратқа сыртқы саясат ведомствосының баспасөз қызметінен. Кездесу барысында көптеген мәселелер бойынша пікірлер алмасылды. Люксембург үкіметі басшысының өткен жылы ресми сапары барысында біздің еліміздің басшылығымен болған кездесулері екі елдің арасындағы ынтымақтастықты дамытуға серпін болғаны атап көрсетілді. Сондай-ақ Қазақстан мен Еуроодақтың арасындағы қарым-қатынастың дамуына да оң баға беріліп өтті. К.Жигалов қазақстан-еуропа қатынастарын серіктестіктің жаңа деңгейіне көтерудің маңыздылығын атап көрсетті. Осыған байланысты дипломат Астананың Еуроодақтың ынтымақтастық туралы жаңа келісіміне қол қою ниеті туралы хабарлады. Астанаға жасаған сапары барысында біздің елімізді «аймақтық орнықтылықтың генераторы» деп атаған Юнкер мырза, тағы да Қазақстанның Орталық Азиядағы негізгі рөлін атап көрсетті және 2010 жылғы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық еткелі отырған Қазақстанға сәттіліктер тіледі. Кездесу барысында Люксембург премьері екі ел қатынастарын дамытуға қосқан үлесі үшін Елші К.Жигаловқа Ұлы Герцог Анридің атынан жоғары мемлекеттік награда - Еңбек сіңіргені үшін ордені Үлкен крестін табыс етті. Кеше К.Жигаловты сондай-ақ Люксембург премьер-министрінің орынбасары ? сыртқы істер министрі Ж.Ассельборн қабылдады.