М.Әділханов Алматы мәслихатындағы депутаттық фракцияның жетекшісі болып сайланды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда қала әкімі Бауыржан Байбектің төрағалығымен «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы Саяси кеңесі бюросының кеңейтілген отырысы болып өтті.
None
None

Бюрода «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары кандидатурасын қарау, 6-шы шақырылған Алматы қалалық мәслихатындағы «Нұр Отан» партиясының фракциясын құру, сондай-ақ, фракция жетекшісін ұсыну мәселелері қаралды.

Бюро барысында қала басшысы Бауыржан Байбек «Нұр Отан» партиясы атынан 6-шы шақырылымдағы Алматы қалалық мәслихатына сайланған депутаттардың өтінішін жария етті.

«Нұр Отан» партиясы жарғысының тиісті тармағы мен мәслихат депутаттарының өтініші ескеріле отырып, мәслихатта құрамы 34 адамнан тұратын «Нұр Отан» партиясының фракциясын құру ұсынылады», - деді Б. Байбек.

Бюро мүшелері бұл ұсынысты бірауыздан қолдады. Маслихат хатшысы партия мүшесі болғанымен ереже бойынша фракцияға енбеді.

Бұдан кейін қала әкімі фракцияның алғашқы отырысына «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық мәслихатындағы депутаттық фракция жетекшісінің кандидатурасын ұсыну қажеттігін алға тартты.

«Бесінші шақырылымдағы Алматы қалалық мәслихатында партияның депутаттық фракциясының жетекшісі Мұрат Әділханұлы Әділханов болған еді. Ол белгілі меценат, құрылысшы, кәсіпкер және партияның белсенді мүшесі. Ол фракцияны 5 ай бой басқарды. Осы мерзім ішінде қыруар жұмыстар атқарылды. Сондықтан, фракция жетекшілігіне Мұрат Әділханұлының кандидатурасын ұсыну ұйғарылды», - деді Б. Байбек.

Осылайша, бюро мүшелері Мұрат Әділхановтың кандидатурасын бірауыздан мақұлдады.

«Әрине, бұл әлі соңғы шешім емес. Енді бұл ұсыныс фракция отырысында тағы қаралады. Дегенмен, партияның Саяси кеңесі бюросы да барлық шешімдерді қабылдайтын маңызды органдардың бірі. Сондықтан, мәслихат депутаттары бұл ұсынысты да толығымен қолдайды деп ойлаймын», - деді қала басшысы.

Сөз соңында Бауыржан Байбек партияның Саяси кеңесі бюросы мен депутаттық фракцияның қалалық және мемлекеттік бағдарламаларды тиімді түрде жүзеге асыруда бірлесе жұмыс істеу керектігін тапсырды.

Айта кетелік, партияның Саяси кеңесі бюросының кеңейтілген отырысынан кейін іле-шала қала әкімі Бауыржан Байбектің қатысуымен 6-шы шақырылған Алматы қалалық мәслихатындағы «Нұр Отан» партиясы фракциясының жаңа құрамдағы алғашқы отырысы өткізілді.

Жиын барысында «Нұр Отан» партиясының депутаттық фракциясының жетекшісі болып Мұрат Әділханов сайланды. Оның орынбасарлары ретінде ұсынылған «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Станислав Канкуров пен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Динар Нөкетаеваның кандидатурасын фракция мүшелері бірауыздан қолдады.

Соңғы жаңалықтар