М.Әуезов театрында «Қилы заман» тарихи трагедиясының премьерасы өтеді

Ұлы суреткер М.Әуезовтің саяси небір науқандарға байланысты ең алдымен Мәскеуде орыс тілінде жарық көрген соң барып төл оқырманымен қауышқан «Қилы заман» туындысы алғаш рет 1997 жылы қойылған болатын.
1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің, атап айтқанда, Қарқара көтерілісінің тарихи баянын негізге ала отырып халыққа жасалған қиянаттың түп себебіне үңілтетін; патшаның қазақ азаматтарын қара жұмысқа алу туралы жарлығына, отаршылдық саясат, зорлық-зомбылыққа қарсы шыққан елдің кешегісі мен бүгінін зерделеуге бастайтын жаңа қойылымның ең басты идеясы - рухыңды жоғалтпа, әлеумет! Рухың жоғалса - елдігіңнің жоғалғаны. Тарих сабақтары ұмытылмауы, тарих сабақтастығы үзілмеуі керек.
Сахналық нұсқа - Н.Оразалин, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қоюшы-режиссер - Ә.Рахимов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, қоюшы-суретші - Е.Тұяқов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, композитор - Б.Дәлденбай, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері.