ІІМ ауғандық апиын жеткізудің халықаралық арнасының жолын кесті
АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрлігі «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында халықаралық есірткі тасымалы арналарының жолын кесу бойынша арнайы операция жүргізді.
ІІМ мәліметінше, Қазақстан мен Қырғызстан құқық қорғау органдарының бірлескен іс-қимылы нәтижесінде апиын тобына жататын есірткі заттарын жеткізудің сыртқы трансұлттық арнасы анықталып, оның жолы кесілді.
– Бірлескен арнайы операция барысында Шымкент қаласында Қазақстанның екі азаматы ұсталды. Олардан шамамен 5 келі ауғандық апиын тәркіленді, – деді ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті басқармасының бастығы Бақытжан Әмірханов.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
– Қазіргі уақытта олардың әрекеттеріне есірткі контрабандасы және трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысу белгілері бойынша қосымша құқықтық баға беру мәселесі қарастырылып жатыр, – деді Бақытжан Әмірханов.
Ішкі істер министрлігі халықаралық ынтымақтастықты нығайту аясында Қазақстан аумағына есірткі жеткізудің сыртқы арналарының жолын кесу және ел аумағы арқылы өтетін есірткі транзитіне қарсы бағытталған арнайы операцияларды жалғастыратынын мәлімдеді.
Айта кетейік, Алматыда есірткі таратқан 6 жасөспірім ұсталды: олар 10 жылға дейін қамалуы мүмкін.