ІІМ ескертеді: интернет-алаяқтардың негізгі құрбандары – жастар мен зейнеткерлер
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда интернет-алаяқтықтың негізгі құрбандары жастар мен зейнеткерлер болып отыр, деп хабарлайды Polisia.kz.
ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті 2024 және 2025 жылдың алғашқы сегіз айының деректерін салыстырды. Биыл алаяқтардың арбауына жиі түсетіндер қатарында жастардың үлесі артқаны анықталды. «2024 жылы 18 бен 30 жас аралығында шамамен екі мың жәбірленуші тіркелсе, биыл олардың саны үш мыңға жетті», – деді департамент басқарма бастығының орынбасары Әсет Жүкенов.
Оның айтуынша, 60 жастан асқан адамдар да интернет-алаяқтардың жиі құрбанына айналып отыр. Бұл жастар мен қариялардың осал топқа жататынын айқын көрсетеді.
Сонымен қатар интернет-алаяқтыққа «дроптар» да қатысады. Олар түрлі себеппен өздерінің банк карталарын алаяқтарға беретін азаматтар. «Осылайша қылмыскерлер шоттағы қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырады», – деп түсіндірді Ә.Жүкенов.
Ведомство өкілі 15 қыркүйектен бастап Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер күшіне енетінін еске салды.
«Енді өз картасын алаяқтарға берген адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл үшін жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», – деп атап өтті ол.
Айта кетейік, алаяқтықтан зардап шеккен азаматтарға қаражатты қайтару ісі жеңілдейді.