М.Құл-Мұхаммед: Жер мәселесіне қатысты ортақ шешім шығаратын редакциялық комиссия құрылуы қажет

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жер мәселесіне қатысты ортақ шешім шығаратын редакциялық комиссия құрылуы қажет. Жер реформасы бойынша комиссияның алғашқы отырысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары - аталған комиссия төрағасының орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед осылай деді.

«Комиссияның құзіретіне келер болсақ, комиссия қандай да болмасын бір шешімдер қабылдаса, онда оның барлығы халықтың ұсынысы ретінде қаралуы керек. Біз Парламентті өзгерте алмаймыз. Біз қандай өзгерістер енгізетін болсақ, ол ертең Парламенттің алдына келеді. Парламентті бүкіл халық болып сайлады. Сол жерде талқыланатын болады. Сондықтан мен мынау комиссияның ең алғашқы отырысы басталған күні береке-бірлікпен жұмыс істесек деймін», - деді ол.

Осы ретте ол отырыста айтылған пікірлердің арасындағы қарама-қайшылық болса, оларды шешу үшін арнайы редакциялық комиссия құру қажеттігін атап өтті.

«Керек десеңіз 1991 жылдың 16 желтоқсан күні қабылданған Тәуелсіздік туралы Конституциялық Ата заңымыз 3 күн бойы талқыланып, келісімге келе алмаған кезде, комиссия құрылған. Сол комиссияның атынан баяндама жасалған. Содан кейін барып, Тәуелсіздігімізді жариялағанбыз. Егер ортақ пікірге келе алмай жатсақ, осындай комиссия құрып, соны комиссияның шешуші отырысында қарап, әрбір бабын талқылап, ортақ шешімге келгеніміз дұрыс деп ойлаймын», - деді М.Құл-Мұхаммед.

Соңғы жаңалықтар