М.Мәметованың қаһармандық ерлігіне 70 жыл толды

ОРАЛ. 15 қазан. ҚазАқпарат - 15 қазан күні Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың қаһармандық ерлігіне 70 жыл толды.
None
None

Мәншүк Мәметова 1922 жылы 2 қазан күні қазіргі Бөкей ордасы ауданы Бисен ауылдық округіне қарасты Жиекқұм елді мекенінде Жеңсікәлі мен Тойылша Әлиевтердің отбасында дүниеге келді. Оның 1910 жылы туылған Нағи мен 1919 жылы туылған Қадыр атты екі туған аға­сы болған. Үлкен ағасы Нағидың Оралға оқуға кеткеннен кейінгі тағдыры қазірге дейін беймәлім. Кішісі Қадыр Сталинград түбіндегі шайқаста 1942 жылы қаза тапқан. 1927 жылы Саратов қаласындағы Н.Чернышевский атындағы университет студенттері Ахмет пен Әмина
Мәметовтер Бөкей ордасындағы өзінің туған інісі Қанат Мәметовтің үйіне қонаққа келеді. Қанат аға-жеңгесі Жеңсікәлі мен Тойылша Әлиевтерді қонаққа шақырады. Олар өздерінің кішкентай қызы Мәнсияны да ертіп әкеледі. Жас отбасының өздерінің ұл-қыздары болмағандықтан, кішкентай қыз­ды жақсы көріп қалып, ежелгі қазақ дәстүрі бойынша асырап алуға бел буады да, әке-шеше­сіне бұйымтай жасайды. Кішкентай қыздарын қимаса да, інісінің көңілін қайтармай Жеңсікәлі мен Тойылша келіседі. Осылайша 5 жасынан бастап Мәнсия Мәметовтер отбасында тәрбиеленеді. Әмина Сүлей­менқызы моншақтай көзіне қарап, қызын еркелетіп «Моншағым» деп атаған, оған тілі келмеген Мәнсия есімін сұрағандарға «Мәншүк» деп айтқан, содан Мәншүк атанып кеткен көрінеді.

1938 жылы Мәншүк Алматыда­ғы ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіп, 3 жылдық оқу орнын 2 жылда тәмамдап, 1940 жылы Молотов (қазіргі С.Асфендияров атындағы) медицина институтының балаларды емдеу мамандығы бойынша оқуға түсті. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталған кезде Мәншүк соғысқа бару туралы бірнеше өтініш жазады. Мұның басты себептерінің бірі әкесі, Алаш қайраткерлерінің бірі, ақын, ағартушы, дәрігер Ахмет Мәметов отызыншы жылдар зұлматы кезінде ұсталып кеткен еді. Мәншүк майданға барып, жаумен соғыссам, әкесін ақтай ма деп ойлады. Алайда ол әкесінің әлдеқашан атылып кеткенін білмеген еді.

Алған бетінен қайтпаған Мәншүк ақыры Алматы қаласында жасақталған 100-дербес қазақ атқыштар бригадасының құрамында майданға аттанады.

1943 жыл... 100-дербес қазақ атқыштар бригадасы Невель қаласының солтүстік-шығысында, Үлкен Иван мен Каратай өзендерінің алдыңғы шебінде орналасқан Изоча станциясы үшін аса ауыр ұрыстар жүргізіп жатты. Тек қазан айының бірінші жартысында кеңес жауынгерлері жаудың 1500-ден астам адамын, 16 танк, 19 автокөлік, дұшпанның және де басқа қару-жарағын жойды. Бригаданың өзі де адам шығынына ұшырады. Батальонның барлаушылары жау әскерінің қайтадан шабуылға әзірленіп жатқаны туралы деректер алып келді. Лейтенант Темненковтың әскери жасағындағы Мәншүк Мәметова да жау әскерін қарсы алу туралы бұйрық алған еді. Таң атқанға дейін бөлімше өз бекінісін нықтап, жау әскерін қарсы алуға дайын тұрды. Аздаған уақыттан соң неміс шабуылы аса жойқын артиллерия, минометтік және пулемет күштерінің оғымен басталды. Жас пулеметші Мәншүк бұл ұрыста ерекше көзге түседі. Оның «Отаным үшін!» деген ұраны мен пулеметінің үздіксіз атқан оғы кеңес жауынгерлерінің рухын көтерді. Ұрыс даласында көптеген жендетінен айырылған жау әскері шегінуге мәжбүр болды. Алайда Мәншүктің жа­нын­дағы көмекшілері де жау оғының құрбаны болады. Пулеметтің қасында жалғыз қалса да, Мәншүк өзі бекінген жерлерді тез өзгертіп, жау әскерлерімен жанталасқан ұрысты жалғастыра береді. Кенет бір мина Мәншүктің дәл қасына түсіп жарылады. Осы жау минасының жарықшағы батыр қыздың өмірін қиған еді.

1943 жылдың 15 қазаны күні қазақтың ержүрек, өжет қызы Мәншүк Мәметова жау әске­рімен жанкешті ұрыста ерлікпен қаза тапты. Ол пулеметінің оғымен 70-тен астам фашистің көзін құртып, жаудың бірнеше шабуылына тойтарыс беріп, тосқауыл қойды. 1944 жылдың 1 наурызында КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Мәншүк Мәметоваға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Мәншүк Мәметованың ерлігін мәңгі есте қалдыру үшін елімізде ескерткіштер орнатылды, көшелерге есімі берілді, көптеген кітаптар мен әндер жазылып, фильмдер түсірілді. 1982 жылдан бері Орал қаласында Мәншүктің ерлігіне тағзым ретінде ашылған мұражай жұмыс істеп келеді.

1989 жылы мұражай жанынан «Майдангерлер» («Фронтовичка») клубы ашылды. Мұражай 30 жылдан астам уақыт аралығында Псков қаласымен ара қатынасын үзген емес. Мұражайдың директоры Светлана Бектенова Кеңес Одағының Батыры М.Мәметованың 80 жылдық мерейтойына, сондай-ақ Ұлы Жеңістің 60 және 65 жылдығына орай бірнеше рет «Майдангерлер» клубы мүшелерімен бірге М.Мәметова мен Ә.Молдағұлова қаза тапқан жерлері Ресейдің Невель және Новосокольники қалаларына барып, батырлардың рухтарына тағ­зым етіп қайтты. Биыл 22-28 маусымда мұражай жанынан 100-ші және 101-ші қазақ дербес атқыштар бригадасының жауынгерлік жолымен Мәскеу-Великие Луки-Ржев қалаларына автокөлік жорығы ұйымдастырылды.

Батыс Қазақстанда М.Мәметованы еске алу шаралары ұдайы өткізіліп келеді.

Соңғы жаңалықтар