М. Мәметованың жүлдесіне қазақ күресінен республикалық турнир басталды - Қызылорда (ФОТО)

Спорт елдіктің, ерліктің батылдық пен батырлықтың шынайы көрінісі. Осындай айтулы спорт мерекесіне республикамыз бен облыс аудандарынан келген 17 командадан 102 талантты жас спортшылар Сыр елінде бас қосып отыр.
Қазақ күресінен республикалық турнирдің мақсаты: Ұлы Жеңістің 70 жылдығы аясында 1 желтоқсан - Тұңғыш Президент күні қарсаңында жастар арасында дене шынықтыру мен бұқаралық спорт қозғалысының мәртебесін көрсету болып табылады. Сондай-ақ, Елбасының Жолдауында көрсетілген бұқаралық спортты дамытуға үлес қосу, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру, жастардың қазақ күресіне деген оң көзқарасын қалыптастырып, жеке тұлғалық жетістіктеріне жетуге деген қызығушылықтарын арттыру.
Турнирдің ашылу салтанатында Қызылорда облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Садық Мұстафаев, Қызылорда облысының білім басқармасы «Техникалық және кәсіптік білім» бөлімінің басшысы Б.Ш.Есенбаев, колледж директоры, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері Әлима Әбдіхалықова сөз сөйледі.
Турнирге колледждің «Жұлдызды спортшылары» - 2014 жылы өткен Жасөспірімдердің Олимпиадалық ойындарының алтын медаль иегері -Жауынтаев Бауыржан, 2015 жылы шілде айында Чехияның Прага қаласында өткен жасөспірімдер арасында дзюдо күресінен Еуропа кубогінің І орын иегері - Шамшадин Мағжан, 2015 жылы Тайландтың Бангкок қаласында дзюдо күресінен жасөспірімдер арасында өткен Азия біріншілігінің жеңімпазы - Марат Жанқожа қатысып, жас спортшылар рухын көтерді.