ІІМ полицейлер арасындағы артық салмаққа қатысты түсінік берді

АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер органдары қызметкерлерінің физикалық дайындығы мен артық салмақтың болуына қатысты түсініктеме берілді.

полиция
Фото: Максат Шагырбаев/Kazinform

Ішкі істер органдарында артық салмағы бар қызметкерлердің мәселесі қалай шешіліп жатыр? Министрліктің апталық брифингісінде осындай сауал қойылды. 

«Бірден айтып өткім келеді, полицияда барлық қызметте бірдей жоғары физикалық дайындықты талап етпейді. Талап алдымен патрульдік полицейлер мен арнайы бөлімше қызметкерлеріне қатысты. Бұл мәселе біздің бақылауымызда. Аталған санатқа жататын қызметкерлер аптасына кем дегенде екі рет жаттығуы міндетті. Сонымен қатар полицейлердің физикалық дайындығы жыл соңында тексеріледі», - деп жауап берді Шыңғыс Алекешев ведомствода өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, ішкі істер органдары қызметкерлері медициналық тексерістен өтеді. Оның негізінде қажет жағдайда ұсыныс беріледі. 

«Осы орайда айта кететін жайт, ішкі істер органдарының бөлімшелері көп. Кейбір бөлімшелерде қызметкердің физикалық дайындығына емес, алдымен интеллектуалдық қасиетіне мән беріледі. Ол мүмкін IT маманы, тергеуші немесе басқа да тапшы маман болуы мүмкін», - дейді ол.