ІІМ ЖСН-ді өзгертуге қатысты ақпаратқа түсініктеме берді

АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік желілерде ЖСН-ді өзгертуге болады деген мазмұнда ақпарат тарауына байланысты, ІІМ түсініктеме берді. Бұл туралы Polisia.kz жазды.

ІІМ ЖСН-ді өзгертуге қатысты ақпаратты түсіндірді
Фото: Kazinform/ЖИ

— Азаматтар заңнама талаптарына сәйкес уәкілетті органдарға жүгіну арқылы өздерінің аты-жөнін және басқа да дербес деректерін өзгертуге құқылы. Алайда ІІМ нақтылағандай, ЖСН азаматқа бір рет беріледі және қайта өзгертілмейді, — делінген хабарламада.

Айта кетейік, Қазақстанда азамат аты-жөнін өзгерткен жағдайда оның жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) өзгермейді. Бұл туралы ҚР Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және заңгерлік қызметтер көрсетуді ұйымдастыру комитеті төрағасының орынбасары Диас Шәріпбай Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында айтқан болатын.

Азаматқа жаңа құжат берілген сайын ЖСН қайта берілмейді, яғни аты-жөнін өзгертіп, құжаттарын жаңартқан жағдайда да бұрынғы ЖСН-і сақталатыны хабарланған еді. Тек бала асырап алу және ЖСН-ді есептеу кезінде қате кеткен жекелеген жағдайларда ғана жаңа нөмір берілуі мүмкін. Осылайша, азамат атын, тегін немесе әкесінің атын өзгерткеннен кейін де мемлекеттік цифрлық жүйелерде бұрынғы ЖСН-і арқылы сәйкестендіріледі.