Мадагаскарда «Гезани» циклонынан қаза тапқандар саны 59-ға жетті

АСТАНА. KAZINFORM - Өткен аптада Мадагаскар аумағын шарпыған тропикалық «Гезани» циклоны салдарынан қаза тапқандар саны 59 адамға жетті. Бұл туралы Reuters агенттігі елдің Тәуекелдер мен табиғи апаттарды басқару жөніндегі ұлттық бюросына (BNGRC) сілтеме жасап хабарлады, деп жазады khovar.tj.

Мадагаскарда «Гезани» циклонынан қаза тапқандар саны 59-ға жетті
Фото: repost.uz

BNGRC дерегіне сәйкес, 15 адам хабар-ошарсыз кеткен, 804 тұрғын түрлі деңгейде жарақат алған. Табиғи апаттан зардап шеккендердің саны 423 мыңнан асты. Шамамен 16 мың адам баспанасын тастап кетуге мәжбүр болған.

Билік өкілдері ауа райы жағдайын бақылауда ұстап отыр. Аралдың оңтүстік-батысындағы Ампанихи қаласы маңында «қызыл» қауіп деңгейі жарияланды. 16 ақпанда циклон жағалаудан шамамен 100 шақырым қашықтықтан өтіп, салдарынан сағатына 65 шақырымға жуық жылдамдықпен жел соққан.

Бұған дейін «Гезани» циклоны Мадагаскарға «Фития» циклонынан кейін араға екі апта да салмай соққаны хабарланған.

Синоптиктердің мәліметінше, дауыл ошағында желдің жылдамдығы сағатына 250 шақырымға дейін жеткен. Табиғи апат ауқымды су тасқындарын, электр энергиясының үзілуін және елеулі қиратуларды туғызды.

Осыған дейін Португалиядағы дауыл 16 адамның өмірін қиғаны туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар
Референдум