14:14, 28 Ақпан 2009 | GMT +5
«Мәдени мұра» бағдарламасының 1-ші кезеңі ойдағыдай жүзеге асырылды ? М.Құл-Мұхаммед
АЛМАТЫ. Ақпанның 28-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ – «Мәдени мұра» бағдарламасының 1-ші кезеңінде бірқатар елеулі жұмыстар атқарылды.
Бұл туралы бүгін Алматыда 2009-2011 жылдарға арналған «Мәдени мұра» стратегиялық жобасын жүзеге асыруға арналған қоғамдық кеңестің отырысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Мәдениет және ақпарат министрінің айтуынша, бағдарлама аясында өткен жылы Қазақстанның 22 тарихи-мәдени ескерткішіне жаңғырту жұмыстары басталған. Қазіргі таңда оның 7-уінің жұмысы аяқталып, 15-не жөндеу жұмыстары жасалуда.«Бағдарлама аясында Қазақстан Республикасы тұңғыш рет елден тыс жердегі тарихи-мәдени ескерткіштерді жөндеу жұмыстарын қолға алды. Осының негізінде Каир қаласында Мысыр және Сирия Араб Республикасы арасында келісімге қол қойылып, парламенттің ратификациялауынан өтті. Бұл келісімге сәйкес Каир қаласындағы Сұлтан аз-Заһир Бейбарыс мешіті мен Дамаск қаласындағы кесенесін және Дамаскідегі әл-Фарабидің мәңгі тыныстап жатқан жерінде орналасатын қазақтың этно-мәдени орталығын салу қолға алынып, жұмыстар атқарыла бастады. 218 тарихи маңызы бар нысан енгізілген республикалық тарихи ескерткіштердің тізімі жасалды. 32 қалашық, қоныс, тұрақтарда археологиялық жұмыстар жүргізілді. Шығыс Қазақстан облысында Берел тарихи қорық-мұражайы ашылды. Халықтың тарихи мұараларға қол жеткізуі мақсатында «Мәдени мұра», «Тарихи мұра» веб-порталы ашылды. Қазір «Мәдени мұра» аясында шыққан кітаптар, фильмдер осында жинақталу үстінде. Ғылыми экспедициялар нәтижесінде шетелдер мұрағаттарындағы мәдени мұралар жинақталды. Өткен жылы 79 аталым бойына кітаптар шығарылды. Көне түркі жазбаларын зерттеу бойынша Моңғолияға экспедиция жіберіліп, Тоныкөк пен руникалық жазуы бар 2 ескерткіштің көшірмесі жақында Президенттік мәдениет орталығына қойылады», деді М.Құл-Мұхаммед. Оның айтуынша, енді «Мәдени мұра» стратегиялық жобасы деп аталатын 2-ші кезеңде бұл жұмыстар жалғасатын болады. Бұл бағытта 2009-2011 жылдарға арналған жоба бекітілген. Бағдарламаның табысты жүзеге асуы үшін тарихи мәдени мұраны сақтау, шетелдік ғалымдармен және зерттеу орталықтарымен байланыс орнату, зерттелген материалдарды айналымға енгізу және мәдени мұраларды қоғам мен ақпарат саласында пайдалану жұмыстары қолға алынбақ.