15:08, 28 Ақпан 2009 | GMT +5
«Мәдени мұра» ғалымдар жұмысының жандануына, жаңа бағыт алуына көмектесіп отыр ? ҚР Білім және ғылым министрі
АЛМАТЫ. Ақпанның 28-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ – «Мәдени мұра» ғалымдар жұмысының жандануына, жаңа бағыт алуына көмектесіп отыр. Бұл туралы бүгін Алматыда 2009-2011 жылдарға арналған «Мәдени мұра» стратегиялық жобасын жүзеге асыруға арналған қоғамдық кеңестің отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында археология саласы бойынша 36 жоба, тіл және әдебиет саласы бойынша - 15 томдық «Қазақ әдебиеті сөздігі», 2 томдық «Қазақтың этимологиялық сөздігі», «Қазақтың фразеологиялық сөздігі», «Қазақ өнерінің тарихы», «Бабалар сөзі» сериясының 48 томы сынды кітаптар жарық көрген.«Шығыстану саласы бойынша Қытай, Моңғолия, Ресей елдеріндегі мұрағат деректері негізінде кітаптар шықты. Тарих және этнология саласы бойынша «Қазақстан тарихы орыс деректерінде» , «Тарих адамзат ойының асыл қазынасы» сынды материалдар жинағы жарық көрді. Моңғолияға экспедиция ұйымдастырылды. Жинақталған материалдарды орта мектептер мен оқу орындарының білім үрдерісіне енгізу мәселесі көзделіп отыр. Бұл бағытта өткенжылғы қарашаның 7-сінде Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінде республикалық конференция өтті. Мәдени мұра аясында табылған жәдігерлер енгізілген 6-шы сыныпқа арналған «Ежелгі Қазақстан» оқулығы пайдалануға берілді. «Ежелгі Қазақстан тарихы» оқулығы 7-8 сынып үшін әзірленген.
Шет елдік деректер негізінде бірқатар материалдар «Қазақстан тарихы» оқулығының хрестоматиясын енгізу қолға алынды. «Қоғамдық білім негіздері» пәніне де енгізіліп отыр. Сондай-ақ аударма ісі, тарих, этнология, кітапханатану және библиография мамандықтары бойынша арнайы оқу бағдарламасы енгізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар ары қарай жалғастырылатын болады», деді ҚР Білім және ғылым министрі.