Мәдениет министрі спорт саласының ардагерлері мен қызметкерлерін марапаттады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Тамыздың үшінші жексенбісі – Спорт күніне орай елордада қазақстандық спорттың дамуына үлес қосқан 250 адам марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі

Qazaqstan орталық концерт залында еліміздің спортшылары, сала ардагерлері мен қызметкерлері Құрмет грамоталарымен және медальдармен марапатталды.


«Спорт күні біз халықаралық турнирлерде еліміздің намысын қорғайтын спортшылардың, чемпиондарды тәрбиелеуге уақыт пен күш-жігерін жұмсайтын жаттықтырушылар мен спорт ұйымдары қызметкерлерінің, осы салаға өмірін арнаған ардагерлеріміздің еңбегі мен орасан зор үлесін атап өтеміз. Мемлекет басшысы Қазақстанда бұқаралық спортты дамытуға көп көңіл бөледі, министрлік осы саланың қызметкерлеріне барынша қолдау көрсету үшін белсенді жұмыс жасап жатыр. Мысалы, біз спортшыларды даярлаудың келесі кезеңіне беру және топтарды басқару үшін жаттықтырушы-оқытушыларға қосымша төлем енгізу бойынша жоба әзірледік», - деді Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов кештің ашылу салтанатында.


Министр отандық спорт ардагерлеріне «Еңбек ардагері» медалін табыс етті, олардың арасында бокстан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Марат Елеусінов, бокстан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жанат Манашев, 1972 жылғы Олимпиаданың күміс жүлдегері Виктор Абоимов және басқа да танымал спортшылар мен жаттықтырушылар бар.


Сонымен бірге, бокстан әлем чемпионы Мерей Ақшалов, Велоспорт федерациясының бас хатшысы Әсем Қонақбаева, спорт журналисі Аслан Қаженов ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың Алғыс хатымен марапатталды.

«Дене шынықтыру мен спортқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілері 15 адамға табысталды. Олардың ішінде түрлі өңірлерден келген спортшылар, жаттықтырушылар мен спорт ұйымдарының қызметкерлері бар.


Өз кезегінде «Cпорт саласының құрметті қызметкері» төсбелгісімен 12 адам марапатталды.

Сонымен бірге, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттары берілді. Осылайша, айтулы күн қарсаңында барлығы 250 адам құрметке ие болды.


Соңғы жаңалықтар