12:16, 01 Шілде 2009 | GMT +5
Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының қызметі шеңберінде түрлі мәдениеттер мен діндердің диалогын кеңейту қажет - Елбасы
АСТАНА. Шілденің 1-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Астанада құрылған Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының қызметі шеңберінде түрлі мәдениеттер мен діндердің диалогын кеңейту қажет.

Бүгін Астанада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының үшінші сьезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Елбасы Орталықтың қызметіне зайырлы және діни бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін және жастар бірлестіктерін, ғылым мен шығармашылық интеллигенцияны тарту қажеттігін айтты. «Орталық бейбітшіліктің, келісімнің және әділеттіліктің интеллектуалды зертханасы болуы, жаһандық күн тәртібіне ұсыныстарды әзірлеп, жылжытуы тиіс. Ол барлық қатысушыларды жаңа идеялармен және ұсыныстармен сусындандыратын сьездің жұмыс құрылымы болуы керек», - деді Н. Назарбаев.