Мадхия Усманова әйелдер күресінен әлем чемпионаты финалына шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Грекия астанасы Афины қаласында әйелдер күресінен 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында әлем чемпионатында қазақстандық Мадхия Усманова (57 келі) финалға жолдама алды.

Дүниежүзілік додада отандасымыз жартылай финалда жапониялық қарсыласын қапы қалдырып, финалға жолдама алды. Финал бүгінге белгіленген.
— Ал ел құрамасынан Інжу Баққожа (43 келі), Сания Солтанғали (49 келі) жұбаныш белдесу өткізеді. Сондай-ақ ел құрамасынан әлем чемпионатында Мәкен Шынайы (46 келі), Абдрахманова Фарида (53 келі), Мұқат Жәйдар (61 келі), Сайахмет Нұрайым (65 келі), Даулетжан Шахизада (69 келі) және Мақсатқызы Нұргүл (73 келі) ел намысын қорғап жатыр, — деп мәлім етті Қазақстан күрес федерациясынан.
Еске салсақ, бұдан бұрын Жаңажол Қуанышбек (45 келі) Грекия астанасы Афины қаласында грек-рим күресінен 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында әлем чемпионатында топ жарды.
Оған қоса ел құрамасынан Нұрдәулет Кұмарұлы (48 келі), Асқар Нұрәли (55 келі) күміс жүлдегер атанса, Досбол Шамил (65 келі) қола медаль иесі болды.