Мадхия Усманова әйелдер күресінен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында топ жарды
АСТАНА. KAZINFORM - Грекия астанасы Афины қаласында өтіп жатқан әйелдер күресінен 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында әлем чемпионатында Мадхия Усманова (57 келі) алтын медаль алды.

Отандасымыз финалда үндістандық спортшымен бақ сынады. Нәтижесінде қарсыласынан басым түсіп, жеңіс тұғырына көтерілді.
Сондай-ақ ел құрамасынан әлем чемпионатында Інжу Баққожа (43 келі) қола жүлдеге қол созды.
- Дүбірлі додада Сания Солтанғали (49 келі), Мәкен Шынайы (46 келі), Абдрахманова Фарида (53 келі), Мұқат Жәйдар (61 келі), Сайахмет Нұрайым (65 келі), Даулетжан Шахизада (69 келі) және Мақсатқызы Нұргүл (73 келі) ел намысын қорғап жатыр, - деп мәлім етті Қазақстан күрес федерациясынан.
Еске салсақ, бұдан бұрын Жаңажол Қуанышбек (45 келі) Грекия астанасы Афины қаласында грек-рим күресінен 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында әлем чемпионатында топ жарды.
Оған қоса ел құрамасынан Нұрдәулет Кұмарұлы (48 келі), Асқар Нұрәли (55 келі) күміс жүлдегер атанса, Досбол Шамил (65 келі) қола медаль иесі болды.
Бұған дейін Мадхия Усманованың әйелдер күресінен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының финалына шыққанын жазған едік.