Мәдина Әбілқасымова өрттен көз жұмған балалардың ата-анасына барып көңіл айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова елордада өрттен қаза тапқан 5 баланың ата-анасына барып, көңіл айтты. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысына кейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Біз, министрлік өкілдері қара жамылған отбасына барып, көңіл айттық. Кеше бардық. Министрдің (Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Әбілқасымова) өзі де барды», - деді Светлана Жақыпова.

Айта кетелік, бүгінгі Үкімет отырысына министр қатысқан жоқ. Оның орнына Премьер-Министрдің алдында вице-министр Светлана Жақыпова есеп берген еді. Вице-министрдің сөзіне қарағанда, министр М.Әбілқасымова өткен аптадан бері сырқаттануына байланысты ем алып жатыр.

БАҚ өкілдері вице-министрден «Көпбалалы отбасыларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау жеткілікті ме?» деп сұраған еді. Осыған орай, ол көпбалалы отбасыларды қолдау шаралары қайта қаралатынын айтты.

Сондай-ақ, жиыннан кейін тілшілер өрттен қаза тапқан балалардың ата-анасының неліктен түнгі кезекшілікте болғанын сұрады.

«Бұл олардың таңдауы», - деп жауап берді Светлана Жақыпова.

Еске сала кетейік, 4 ақпан күні түнде «Көктал-1» тұрғын үй алабында жеке үйдің ауласында тұрғызылған уақытша баспанадан өрт шықты. Өртті сөндіру барысында 2006, 2008, 2014, 2016, 2018 жылдары туған 5 қыз баланың денесі табылды. Олардың ең кенжесі небәрі 11 айлық сәби еді.

Қайғылы оқиға кезінде бес баланың ата-анасы түнгі жұмыста болған. Бүгін 5 баланы елордалықтар ақтық сапарға шығарып салды. Сондай-ақ, Елбасы өртте қаза болған балалардың отбасына көңіл айтты.

Соңғы жаңалықтар