Мадридте ондаған мың адам Испания үкіметінің отставкаға кетуін талап етті

АСТАНА. KAZINFORM – Демонстрацияға қатысушылар премьер-министр Педро Санчестің солшыл үкіметін сыбайлас жемқорлық жасады деп айыптады, деп хабарлайды DW.

Мадрид, наразылық
Фото: elpais.com видеосынан алынған скрин

Оппозиция жетекшісі Альберто Нуньес Фейхооның консервативті Халық партиясы наразылық білдіруге шақырды. Митинг Испания астанасының орталығында өтті.

Елдің ІІМ мәліметі бойынша, оған 40 мыңға жуық адам қатысты, дегенмен консерваторлар қатысушылардың екі есе көп екенін мәлімдеді.

Дәл осындай көлемдегі Санческе қарсы соңғы митинг маусым айында Мадридте өткен болатын.

Наразылық үш күн бұрын коронавирус пандемиясы басталған кезде қорғаныс маскаларын сатып алуға байланысты бұрынғы Көлік министрі Санчес Абалос пен оның бұрынғы кеңесшісі Колдо Гарсияға қарсы тағылған сыбайлас жемқорлық айыптауына байланысты туындады. 2020 жылдың көктемінде Испанияның үкіметтік мекемелері денсаулық сақтау саласында тәжірибесі жоқ компаниядан мемлекеттік тендерсіз бірнеше миллион маскаға тапсырыс берді.

Der Spiegel журналының мәліметі бойынша, компанияның негізін қалаушы кейінірек сотта Абалосқа, Гарсияға және басқа да лауазымды тұлғаларға «бірнеше жүз мың еуро» пара бергенін айтты.

Испаниядағы келесі сайлау 2027 жылдың екінші жартысына ғана жоспарланған. Консервативті оппозиция Санчес үкіметін отставкаға кетуге және мерзімінен бұрын сайлау өткізуге шақырады.

Бұл ретте Фейхоо партиясына да сыбайлас жемқорлыққа қатысты айып тағылып отыр.

Айта кетейік, Испания премьер-министрі Педро Санчес Еуропалық Одақты маусымдық уақытты өзгерту тәжірибесінен түбегейлі бас тартуға шақырған еді.

Соңғы жаңалықтар