Мадуро Трамппен келіссөз жүргізуге дайын екенін мәлімдеді
АСТАНА. KAZINFORM — Венесуэла президенті Николас Мадуро Вашингтонмен есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес бойынша келіссөз жүргізуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Дегенмен Мадуро АҚШ-тың Венесуэла айлағына жасаған шабуылына қатысты түсініктеме бермейтінін кесіп айтты.
— АҚШ үкіметі біледі, өйткені біз бұл туралы олардың көптеген өкілімен сөйлестік, егер олар есірткінің заңсыз айналымына күрес туралы келісімді байыпты талқылағысы келсе, біз дайынбыз, — деді Николас Мадуро бейсенбі күні teleSUR мемлекеттік телеарнасына берген сұхбатында.
Венесуэла президенті испандық тілші Игнасио Рамонамен кең көлемді сұхбаты кезінде өткен айда Венесуэла жағалауы айлағына жасалған құрлықтағы шабуылға қатысты пікір білдіруден бас тартты. Кейбір БАҚ оны ЦРУ жасады деп хабарлады, деп жазды NBC News.
Мадуро Каракас пен Вашингтон арасында есірткінің заңсыз тасымалы мен елдің мол мұнай қорына қатысты мәселеде ынтымақтастық мүмкін екенін атап өтті.
— Егер оларға мұнай қажет болса, Венесуэла Chevron жағдайындағыдай АҚШ инвестицияларын қашан, қай жерде және қалай қажет болса да қабылдауға дайын, — деді Венесуэла көшбасшысы.
Венесуэла президенті екі ел арасындағы бейбітшілік пен достық қарым-қатынасты қалайтынын хабарлады.
Мадуро бұл әңгімеде АҚШ-тағы әріптесіне Құрама Штаттар халқы біздің достық, бейбіт халқымыз және олардың достық үкіметі бар екенін білуі керек. Біздің ұранымыз өте айқын: Соғысқа жол жоқ, бейбітшілікке жол бар, — деп хабарлайды teleSUR.
Осыған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Орталық барлау басқармасына Венесуэлада жасырын операция жүргізуге рұқсат бергенін хабарлаған едік.
Кейін Трамп Америка Құрама Штаттары Венесуэладағы кемелерге есірткі тиеліп жатыр деп саналған айлаққа соққы жасағанын мәлімдеді.