MAЭК-тегі апат: Маңғыстау өңірінде төтенше жағдай енгізу қаралып жатыр

Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаевтың айтуынша, «МАЭК» ЖШС-де электр энергиясының жалпы өндіріс қуаттылығы 545 МВт құрайды. Алайда, екі электр станциясындағы энергетикалық блогтардың мәжбүрлі тоқтауына байланысты өндіріс қуаттылығы қазіргі таңда 245 МВт-қа дейін азайды.
Аймақ басшылығы мемлекеттік органдар және коммуналдық қызмет өкілдерімен бірге жедел штаб құрды.
Мәлім етілгендей, өңір елді мекендерін энергиямен біркелкі қамтамасыз ету үшін кезең-кезеңімен уақытша ажырату әдісі енгізілетін болады. Тұтынушылар үшін электр қуаты 3-тен 5 сағатқа дейін өшіріледі, уақыты алдын ала хабарланып отырады.
«Маңғыстау өңірлік электр желісі компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Қасымхан Сыздықовтың сөзінше, ең бірінші кезекте әлеуметтік объектілерді электр энергиясымен қамтамасыз етуге мән берілмек. Үлкен шектеулер ірі кәсіпорындар үшін болады.
Облыс басшылығының төрағалығымен құрылған жедел штабқа уәкілетті мемлекеттік органдар мен коммуналдық қызмет өкілдері кірді. Олар электр энергиясын өшіру бірінші кезекте өнеркәсіптік объектілерге әсер ететіні туралы шешім қабылдады. Бұл шешім тұрмыстық энергия тұтынушыларына ыңғайсыздық тудырмау үшін қабылданып отыр. Кейбір кен орындары генераторлармен жабдықталған, ал басқа нысандарда жағдай қиынырақ. Сонымен қатар ауруханалар, балабақшалар сияқты әлеуметтік нысандар электр қуатымен қамтамасыз етілетін болады. Біз тұрғындардан арандатушылыққа бой алдырмауды, тек ресми дереккөздерге сенуді сұраймыз
- деді ол.
Жедел штаб отырысында төтенше жағдай режимін енгізу туралы мәселе қаралды.
ТЖ енгізу туралы мәселе қаралуда. Әзірге бұл шара тиісті нәтиже бермейді деп есептейміз. Өйткені ТЖ режимі тек мемлекеттік сатып алуға қатысты шектеулер енгізуге мүмкіндік береді. Орын алған жағдайда бізді жүйелік оператор – «KEGOC» АҚ қолдап отыр, ол бізге 80 мВт-қа дейін алуға көмектеседі
- деп түсіндірді Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаев.
Қазіргі уақытта электр энергиясын беруді жедел қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүріп жатыр.
МАЭК»тегі апат жойылғанға дейін өңір тұрғындарын осы жағдайға түсіністікпен қарауға, электр энергиясын үнемді тұтынуға шақырамын. Коммуналдық қызмет мамандары күндіз-түні энергия блоктарының жұмысын тез қалпына келтіру үшін жұмыс атқаруда. Бүгін біз «кезең-кезеңімен» өшірудің ең жоғары жүктемелерін сынақтан өткізіп жатырмыз, ертеңнен бастап тұрғындарға барынша ыңғайлы болу үшін, елді мекендерді ажырату кестесін алдын ала ұсынатын боламыз
- деп қорытындылады Жұмабай Қарағаев.