МАГАТЭ АҚШ-тың соққысынан кейін шұғыл жиын өткізбекші
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың Иранның ядролық нысандарына жасаған шабуылынан кейінгі шиеленіс аясында МАГАТЭ Бас директоры Рафаэль Гросси Директорлар кеңесінің шұғыл отырысын дүйсенбі күні өткізу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлады.

Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) америкалық әуе шабуылынан кейін Иранның негізгі ядролық нысандарының маңайында радиациялық деңгейдің жоғарылауын тіркемегенін растады.
— Ирандағы үш ядролық нысанға жасалған шабуылдан кейін агенттік қазіргі уақытта бұл нысандардың сыртында радиациялық фонның артқанын байқамады, — делінген МАГАТЭ-нің әлеуметтік желідегі X парақшасында жарияланған мәлімдемесінде.
Бұл мәлімдеме АҚШ президенті Дональд Трамптың Фордо, Исфахан және Натанздағы ядролық нысандардың «толығымен жойылғаны» туралы айтқан сөзінен бірнеше сағат өткен соң жарияланды.
Соңғы күндері Тегеран мен Тель-Авив арасындағы қақтығыстың ушығуына байланысты Иран тарапы МАГАТЭ мен оның Бас директоры Рафаэль Гроссиді сынға алып, агенттікті «қайшылыққа толы мәлімдемелер жасап, Израильдің әскери науқанының басталуына себепкер болды» деп айыптады.
Еске сала кетейік, Иранның Атом энергетикасы жөніндегі агенттігі АҚШ-тың Натанз және Фордо қалаларындағы зауыттарға жасаған шабуылына қарамастан, елдің уран байыту бағдарламасы тоқтатылмайтынын мәлімдеді.