МАГАТЭ инспекторлары Ираннан кетті
АСТАНА. KAZINFORM — 4 шілде күні Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) инспекторлар тобы Ираннан кетті, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

— МАГАТЭ инспекторлар тобы бүгін Ираннан сәтті шығып, агенттіктің Венадағы штаб-пәтеріне аттанды. Олар Тегеранда соңғы әскери қақтығыс кезінде болған, — делінген МАГАТЭ-нің X әлеуметтік желісіндегі хабарламасында.
Бұған дейін Иран президенті Масуд Пезешкиан Тегеран мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) арасындағы ынтымақтастықты тоқтату туралы заңға қол қойған болатын.
25 маусымда Иран парламентінің депутаттары осы заң жобасының мәтінін мақұлдады. Ал 26 маусымда Иранның Конституция сақшылар кеңесі оны бекітті.
Еске салайық, «Үлкен жетілік» елдері Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздерді қайта бастауды талап етіп, Тегеранды МАГАТЭ-мен ынтымақтастықты «шұғыл түрде жаңартуға» шақырған болатын.
Иранның МАГАТЭ жөніндегі шешімінен кейін мұнай бағасы 3%-ға өсті.