Магнус Карлсен әлем чемпионы атағын Самарқанда қорғамақ

25 желтоқсанда бастау алатын Өзбекстандағы рапид пен блиц бойынша әлем чемпионатына Магнус Карлсен, Нодирбек Абдусатторов және Левон Аронян сияқты әлемге танымал шахматшылар қатысады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

магнус карлсен
Фото: chess.com

Халықаралық шахмат федерациясынан (FIDE) мәлім еткендей, дүниежүзілік рейтингтің көшін бастап тұрған норвегиялық шахматшы Магнус Карлсен Самарқандағы рапид пен блицтен әлем чемпионатына қатысатынын растаған. 

Ол Өзбекстанда өзінің чемпиондық атағын қорғайды.

Қатысушылардың нақты тізімі 11 желтоқсанда жарияланады.

Қазіргі уақытта М. Карлсеннен өзге турнирге өзбекстандық гроссмейстер Нодирбек Абдусатторов, Гукеш Доммараджу (Үндістан), Винсент Кеймер (Германия), Шахрияр Мамедьяров (Әзербайжан), Ян-Кшиштоф Дуда (Польша), Ю Янъи (Қытай), Максим Вашье-Лаграв (Франция) және Левон Арониан (АҚШ) тіркелді.

Әйелдер арасындағы сайысқа Александра Костенюк (Швейцария), Александра Горячкина (Ресей), Цзюй Вэньцзюнь (Қытай), Тань Чжуньи (Қытай), Хампи Конеру (Үндістан), сондай-ақ қазақстандық гроссмейстер Бибисара Ассаубаева (Қазақстан) қатысатынын растады.

Турнирдің ашылу салтанаты 25 желтоқсанда Самарқанда өтеді. Жарыстың жүлде қоры — 1 млн доллар.

Атап айтқанда, ашық турнирге — 700 мың доллар, әйелдер турниріне 300 мың доллар қарастырылған. 

Соңғы жаңалықтар