Мағжан Шамшадин дзюдодан Будапешттегі әлем чемпионатын сәтті бастады
АСТАНА. KAZINFORM – Мажарстан астанасы Будапештте өтіп жатқан дзюдодан әлем чемпионатын қазақстандық балуан Мағжан Шамшадин (60 келі) жеңіспен бастады.

Алғашқы айналымда ол Дэвид Тераоны (АҚШ) жеңді. Оның келесі қарсыласы – Францизко Гаригос (Испания).
Ал ел құрамасынан Ғалия Тынбаева (48 келі) жарысты ерте аяқтады. Отандасымыз нидерландтық Эмбер Херсйэске есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды.
Сондай-ақ бүгін, 13 маусымда ел құрамасынан Әбиба Әбужақынова (48 келі), Шерзад Давлетов (60 келі) сайысқа түседі.
Ертең, 14 маусымда Ғұсман Қырғызбаев (66 келі) ел намысын қорғаса, 15 маусымда Есет Қуанов (72 келі), 16 маусымда Эсмигүл Куюлова (63 келі), Абылайхан Жұбаназар (81 келі), 17 маусымда Мейірлан Максим (90 келі) сынды балуандарға сенім артамыз.
Дзюдодан әлем чемпионаты 13-20 маусым аралығында өтеді. Қазақстан сапынан елдің үздік 12 дзюдошысы бақ сынайды.
Дүбірлі додада 92 елден келген 566 спортшы 14 салмақта жүлдеге таласады.